RU

Павлодарда екі азамат әскери қызметкердің көзін жарақаттады

Әскери қызметкерлер
Көрнекі фото: centralasia.media

Павлодарда екі азамат әскери қызметкердің көзін жарақаттады. Оқиға 1 қараша күні сағат 19:25-те Қайырбаев көшесінде орналасқан кафеде болған деп хабарлайды NewTimes.kz.

Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі 26 және 37 жастағы азаматтар 5512 әскери бөлімінің әскери қызметкеріне дене жарақатын салғанын мәлімдеді.

Оқиға болған күні әскери қызметкерлер қоғамдық тәртіпті қадағалау бойынша кезекшілікке түскен.

Шамамен 19.15-те олардың қасынан агрессивті әрекет еткен екі ер адам өтіп, патрульге дөрекі сөздер айтқан.

Әскери қызметкерлер ер адамдардан тынышталып, учаскелік полиция пунктіне баруды сұраған. Алайда олар бас тартқан.

Қоғамдық тәртіпті бұзғандар қарсылық танытуы барысында әскери қызметкерлердің бірінің көзін жарақаттаған.

"Аталған тұлғалар ұсталды, оларға қатысты арнайы құралдар қолданылды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің "Бұзақылық" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деп хабардар етті ведомствода.

Сондай-ақ тәртіп сақшылары ұсталғандардың екеуі де мас күйінде болғанын, олардың бірі бұрын да бұзақылық бабы бойынша істі болғанын атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда полицейлердің талаптарына бағынбай, олардың бірінің бетінен ұрып жіберген ер адамның ұсталғанын хабарлаған едік.

Сонымен қатар Нұр-Сұлтанда караоке-барға келген тұрғындар полицейден қашамын деп терезеден секіріп кеткенін жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1882590-pavlodarda-eki-azamat-skeri-kyzmetkerdi-kzin-zarakattady/