RU

Туды ерекше әдіспен жасайтын студент өз өнерінің құпиясын ашты (видео)

Тынысбек Палманұлы
Видеодағы кадр: sputniknews.kz

Астаналық студент хоббиін қосымша қаржы көзіне айналдырған, бүгінде оған жан-жақтан тапсырыс көптеп түсіп жатқан көрінеді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Тынысбек Палманұлы – Түркістан облысы Созақ ауданының тумасы. Еуразия ұлттық университетінің төртінші курсында оқып жүрген студенттің мамандығы – инженер-механик. Бірақ бала кезінде сурет салуды ұнатып, Рубик кубиктерін жинауға қызығатын.

Оның айтуынша, биыл карантин басталғанда бос уақыт көбейген. Содан ол өзінің бұрыннан бері ойлстырып жүрген идеясын іске асыруға кірісті. Ол – кубиктерден сурет жасау. Жас жігіт үйде отырғанын пайдаланып, осы қабілетін ұштауға күш салды.

"Бас кезінде 100 кубикпен әртүрлі жапырақтарды, мультфильм кейіпкерлерін және тағы басқа нәрселерді жасап, соған қызығатынмын. Сөйтіп, қазіргі таңда 600 кубиктен үлкен көлемді туындыларды жасап жүрмін. Бір портретті жасауға, шамамен, бес-алты сағат қажет, кей кезде сегіз сағат кетеді. Бір Рубик кубигін бір минутта жинаймын. Қазіргі кезде осы хобби қосымша қаржы көзіне айналды, тапсырыстар да түсіп жатыр. Қазақстанда Рубик кубиктерінен портрет жинайтын адамды көрген емеспін", – деді Палманұлы.

Осы уақытқа дейін автор ұлы ақын Абай Құнанбайұлы, Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров сынды танымал тұлғалардың портретін құрастырып үлгерді.

"Негізі, әрбір туындының өз ерекшелігі мен қиындығы бар. 600 кубиктен бес-алты сағат бойы портрет жинау оңай емес. Адамға процестің өзі ұнауы тиіс. Онсыз болмайды. Жалпы, бұл - математика мен бейнелеу өнерінің қосындысы. Бұндай портрет жасау үшін есте сақтау қабілеті жақсы болуы керек. Ойлау қабілеті жақсы болуы қажет және шабыт керек. Бұл менің хоббиім болып қала береді. Алдағы уақытта елімізге танымал тұлғалардың портретін жасаймын", – деп атап көрсетті Палманұлы.

Айта кетейік, жұмбақ конструкцияның құрылысын венгерлік сәулетші, архитектура профессоры Эрно Рубик ойлап тапқан. Рубик Будапешт қолданбалы өнер академиясының интерьер дизайны факультетінде өнеркәсіп дизайны мен архитектура пәнінен мұғалім болып жұмыс істеді. Ол өзі ойлап тапқан кубигін білім бағдарламасына да енгізген. Ал Рубик кубигінен портрет жасау өнері "мозаикбилдинг" деп аталады.

Еске салсақ, қазақстандық әнші Оксана Устинова Ресейдің "Голос" жобасында төрешілер мен тыңдармандардың ерекше ықыласына бөленді.

Оған қоса, Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік туды кеңінен қолдану туралы азаматтар мен депутаттардың ұсынысын қолдайтынын жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1882632-tudy-erekse-dispen-zasajtyn-student-z-nerini-kpiasyn-asty-video/