Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

20 жыл бірге: Жамбылдық ару туыстарының қарсылығына қарамай зағип жанмен бас қосқан

Опубликовано:

Зағип жанға күйеуге шыққан ару
Видеодан кадр: Еуразия бірінші арнасы

Жамбыл облысында туыстарының қарсылығына қарамай зағип жанға тұрмысқа шыққан ару 20 жыл бойы бақытты ғұмыр кешіп келеді деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.

Еркін Мұхамбетов 13 жасында дертке шалдығып, көру қабілетінінен айырылған. Қос жанары семген соң шетелде емделген, бірақ одан еш нәтиже шықпапты. Азамат «мен зағиппын» деп мойымадым дейді. Қайта бұл қиындық өмірге деген құштарлығын оятып, музыка әлеміне жетелеген.

"Үйде бала күнімде гармошка болған. Соны үйрететін ешкім жоқ. Ағам бар. Ағам келіп үйрететін Сол кезде "Жас едім өмірге еркін болаймаған" деген ең алғашқы үйренгенмін",- дейді ол.

Кейін гитара мен "Ямаханы" еңсерген. Сонан соң тойға шығып, ән айтып, бет ашуды үйренген. Сөйтіп, күндердің бір күнінде үйдегі телефон шырылын естіпті.

"Ол кезде үйдегі телефон ғой. Ағасына хабарласамын деп маған түседі ғой. Содан танысып кеттік. Даусы әдемі болған соң ғашық болдым. Өзіме осы қызды аламын деп серт бердім",- деді Еркін Мұхамбетов.

Осылайша, музыкант сөзінде тұрып, болашақ жарына сөз салыпты.

"Үйленейік дегенде қорқып кеттім. Өзім жаспын. Маған олай ешкім айтпаған. Бірақ ойлана келе тәуекел деп тұрмысқа шықтым. Шынымды айтсам, ол кезде ештеңе ойламаппын . Зағип кісіге тұрмысқа шығым жатырмын деген қорқыныш та болмады. Енем қайта-қайта өзің келдің бе деп сұрайды Мен, иә, деймін",- дейді Нұргүл Тілеуқабылова.

Міне, содан бері 20 жылға жуық уақыт өтіпті. Қазір бір қызды тәрбиелеп отырған жұп талай қиындықтан өткен. Екеуінің де туыстары да бұл отбасыға қарсы болып, сынақтарға төтеп беретіндеріне күмәнданыпты. Бірақ, ғашықтар барлығына ісімізбен жауап бердік дейді.

"Қарап жүре бермей, үйдегілерге масыл болмайын, бір зейнетақымен отырмайын, тойға шығайын дедім. Жақындарыма "Ямаха", аппараттура алып бер дедім", - дейді Еркін.

Еркін Мұхамбетов пен жұбайы нәпақаны тойдан табады. Күйеуі түрлі аспапта ойнайды, бет ашады. Ал, дәл осы кезде жұбайы келін сәлем беру керек ағайын-туыстың есім-сойларын оның құлағына сыбырлайды.

"Сыйластық қажет. Келін болып түскенде ажырасыңдар дегенде мен өзіме мақсат қойдым. Біз қайтсекте бақытты отбасы боламыз. Соны дәлелдеймін дегенмін. Енді соны дәлелдедім",- дейді Еркіннің жары.

Еркін бақытты болудың бірден-бір кілті еңбекте екенін айтады.

"Қазір жұмыс істейтін жастар жоқ. Жалқау. Дені сау бола тұра үйінде жатады. Еңбек қой жетістікке жеткізетін. Мені де алғашында айтқан. Соқыр жігіт беташып жатыр деген. Бірақ мен олардың сөзін елейтін болсам, үйде жатып қалам .Ал отбасымды кім бағады?Сондықтан, ондай сөздерге көп ере бермеймін",- дейді ол.

Айта кетерлігі, қос ғашықтың жас аралығы - 13 жас. Бірақ екеуі махаббат жасқа қарамайды деген қағидадан бөлек, ғашықтық адамның түр-әлпетіне, материалдық жағдайына да көз жұма қарайды дегенді дәлелдегендей.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1882647-20-zyl-birge-zambyldyk-aru-tuystaryny-karsylygyna-karamaj-zagip-zanmen-bas-koskan/

pixel