RU

Қызылордада адам қағып, қашып кеткен жүргізушінің қулығы әшкере болды

әйел ұсталды
Көрнекі фото: report.az

30 қазан күні "Шымкент-Самара" тасжолында жаяу адамды қағып кетіп, оқиға орнынан бой тасалаған көлік жүргізушісі ұсталды деп хабарлайды Polisia.kz.

Тартоғай ауылының тұсында жолды кесіп өтпекші болған 48 жастағы ауыл тұрғынын Шымкент қаласына қарай бағыт алған белгісіз автокөлік қағып, оқиға орнынан қашып кеткен.

Жол апаты салдарынан әйел түрлі дене жарақатымен аудандық ауруханаға жеткізілді. Осы факті бойынша патрульдік полиция ротасының қызметкерлері жүргiзген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Бәйгеқұм елдімекенінің тұсында жүк тасымалдайтын "Газель" автокөлігіне "Мерседес" автокөлігін тиеп кетпекші болған жүргізуші ұсталды.

Тексеру барысында жол апаты болған жерден бой тасалаған жүргізушінің Түркістан облысы Қазығұрт елдімекенінің 24 жастағы тұрғыны екені анықталды.  

Аталған дерек бойынша Қазақстан Қылмыстық кодексінің 345-бабының 1-бөлігі (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

Еске салсақ, осыған дейін Оралда әйел адамды пойыз қағып кеткен болатын. Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, оқиға Желаев жолы мен Ружейников көшесі қиылысындағы теміржол өткелінде болған.

Оған қоса, Қызылордада теміржолды кесіп өтпек болған 26 жастағы жергілікті тұрғынды "Қызылорда-Петропавл" жолаушылар пойызы басып кеткен. Соның салдарынан ол оқиға орнында қаза тапты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1882699-kyzylordada-adam-kagyp-kasyp-ketken-zrgizusini-kulygy-skere-boldy/