RU

"Басқа да адамдарды алдауы мүмкін": Алматыда жиһазға тапсырыс бергендер сан соғып қалған

жиһаз1
Көрнекі фото: pixabay.com

Алматыда әлеуметтік желдіге жарнамаға сеніп, жиһазға тапсырыс берген тұрғындар жанайқайын жеткізді деп хабарлайды КТК арнасы.

Әзизаның жиһаз цехының табалдырығын тоздырып жүргеніне бір жыл болған. Ол әлеуметтік желідегі жиһаз жасаушыларға тапсырыс бергеніне әлі күнге дейін өкінеді.

Алаяқтардың арбауына түскенін енді түсінген келіншек берген қаражатын ала алмай сергелдеңге түскен.

"Бір жылдан бері біз ешқандай жиһазды қойдыртқан жоқпыз. Ақшамыз сол күйі күйіп кетті. Инстаграмда жазылушылары өте көп, бірақ пікір аз. Мен суреттеріне қараған кезде басқа жерден сурет алғанын білдім. Бірақ парақшаны жарнамалау үшін осындай қадамға барды деп түсіндім. Біздің қорқатынымыз, олар басқа да адамдарды алдауы мүмкін", - дейді Алматы қаласының тұрғыны Әзиза Жұмабаева.   

Телеарнаның хабарлауынша, Әзизаның күйін кешкен 30-дан астам адам бар. Олар да сан соғып қалған. Алданғандарын айтқан жұрттың жиһаз жасап берушілерге санап берген жалпы соммасы 50 миллион теңгеге жуық.

"Келісімшартпен қыркүйектің 14-21 аралығында біту керек болатын. Ол кісі байланысқа да шықпай, жоқ болып кетті. Жартысын қойып кетсе, түсінер едік. Жақсы жиһаз жасайды дегенге қарап күдік болған жоқ", - дейді Алматы қаласының тұрғыны Әсем Құрбанова.

Жиһаз цехының алдына жиналғандар алаяқтардың құрығына түскеніне сенімді. Өйткені олар шеберхананың ішіндегі дайын бұйымдардың фото-видеосын барлығына бірдей жіберіп, "сіздің тапсырысыңыз дайын" деп көпшілікке сенім ұялатқан.

"Менің тапсырыс берген жиһазымды ол басқа адамдарға ұсынып былықтырған. Ең қызығы, алаяқтар клиенттердің барлығынан ақ түсті жиһаз жасауға көндірген. Сосын өздеріндегі дайын материалды барлығына бірдей жіберген. Бұл алаяқтар жоспармен жұмыс істегендері анық. Тіпті төлемдерді өзіне емес, басқа адамдарға аудартып отырған", - дейді Алматы қаласының тұрғыны Меруерт Цой. 

Жәбірленушілер полицияға ұжымдық арыз жазған. Тәртіп сақшылары "алаяқтық" бабымен іс қозғап, тергеу бастағанын жеткізді.

Дереккөз КТК арнасы

Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысының полицейлері алаяқтықтың алты фактісіне қатысы бар әйелді ұстағанын жазған болатынбыз.

Сонымен қатар елімізде коронавирус инфекциясынан сақтандыруды ұсынатын алаяқтар пайда бола бастағанын жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1882724-baska-da-adamdardy-aldauy-mmkin-almatyda-ziazga-tapsyrys-bergender-san-sogyp-kalgan/