RU

Көкшетау қаласына кіреберіс жолдарға санитарлық бекеттер қойылады

Блок-бекет
Көрнекі фото: NUR.KZ

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев ақмолалықтар арасында, оның ішінде Көкшетау қаласында коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны күрт өскенін атап өтті. Аймақ басшысының айтуынша, дертпен күресу үшін Көкшетау қаласына кіреберіс жолдарға амалсыздан санитарлық постар қойылады деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

«Өкінішке қарай, Көкшетау қаласында соңғы аптада сырқаттанғандардың саны екі есе өсті. Сол себепті, біз мұқият болып, маска режимін, әлеуметтік қашықтықты сақтауымыз керек. Барлығы өзімізге байланысты», - деп атап өтті аймақ басшысы Е.Маржықпаев.

Өткен жұма күні Ақмола облысына жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысына жаңа жұқпалы аурулар ауруханасы таныстырылды. Аталмыш медициналық мекеме осы аптада жұмысын бастайды. Коронавирус инфекциясының екінші толқынына дайындықты сөз еткен аймақ басшысы өкпені желдету апаратының жеткілікті көлемде сатып алынғандығына тоқталды.

Наурыз-қараша айлары аралығында барлығы 325 аппарат сатып алынды. Сонымен бірге, ренгент аппараты және жылжымалы кешен сатып алынуда.

«Біз дәрі-дәрмектің екі айлық қорын жасадық. Дәрілер медициналық мекемелер мен дәріханаларда да жеткілікті. Бірақ та, өзімізге өзіміз жанымыз ашымасақ, бізге ештеме көмектеспейді», - деп толықтыра келе, Е.Маржықпаев ақмолалықтарды маска режимін сақтауға, сондай-ақ, мейрамаханалар мен тойға бармауға шақырды.

«Өкінішке орай, сандар көңіл көншітпейді. Қазан айында 256 адам ауырса, оның 65 пайызы облыс орталығының үлесінде. Сол себепті, бүгіннен бастап, мемлекеттік бас санитарлық дәрігер карантиндік шараларды күшейту туралы қаулығы қол қояды. Осыған орай, қала сыртында санитарлық блокпостар қойылады. Бұл амалсыздан барып отырған шара, бұдан біз құтыла алмаймыз. Сауда орындары, мейрамханалар және оқу орындарының жұмысын қайта қарап жатырымыз», - деді Е.Маржықпаев.

Аймақ басшысы тұрғындардың сақтық шараларына салғырт қарап отырғанына алаңдаушылық білдірді. Мысал ретінде, Семизбай кеншіндегі 500 жұмысшының 46 коронавируске шалдығуына байланысты, тұтас кәсіпорынды жабуға тура келгенін айтты.

Айта кетейік, елде өткен тәулікте коронавирус жұқтырғандар саны қайта көбейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1882749-kksetau-kalasyna-kireberis-zoldarga-sanitarlyk-beketter-kojylady/