RU

Грузия премьер-министрінен коронавирус анықталды

Грузия премьер-министрі
Фото: Первый канал

Грузия премьер-министрі Георгий Гахариядан коронавирус анықталды деп хабарлайды Первый канал.

Грузия премьер-министрінің COVID-19-ға тапсырған тесті оң нәтиже көрсеткен. Бұл ақпаратты премьер-министрдің баспасөз қызметі растап отыр.

Айтуларынша, Георгий Гахария өзін жақсы сезінеді және үйден ем қабылдап жатыр.

31 қазан күні премьер-министр өз-өзін оқшаулау режиміне көшкен. Себебі, ол коронавирус жұқтырған күзет қызметкерімен ұзақ уақыт сөйлескен.

Айта кетейік, жақында ДДСҰ бас директоры Тедрос Аданом Гебреисус COVID-19 жұқтырған адаммен байланыста болғандықтан өзін-өзі оқшаулау режиміне көшкенін мәлімдеген еді.

Бұл туралы Гебреисус өзінің Twitter-дегі ресми парағында жазды.

ДДСҰ басшысының сөзінше, өзін жақсы сезінеді және қазіргі уақытта COVID-19 белгілерін сезініп жатқан жоқ. Десе де, қауіпсіздік мақсатында ол біраз уақыт үй карантинінде болмақ.

Сондай-ақ киевтік "Динамоның" алты ойыншысы "Барселонаға" қарсы өтетін Чемпиондар лигасындағы матч алдында коронавирус жұқтырып алғанын хабарлаған едік. Ақпаратты клубтың баспасөз қызметі растады.

Атап айтқанда, Георгий Цитаишвили, Денис Гармаш, Миккель Дуэлунд, Александр Караваев, Тудор Бэлуцэ және Николай Шапаренконың тест талдаулары оң нәтиже көрсеткен.

Одан бөлек, коронавирус бас бапкердің ассистенті Эмиль Карас пен клубтың төрт қызметкерінен расталған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1882846-gruzia-premer-ministrinen-koronavirus-anyktaldy/