RU

"Борат" төңірегіндегі дау: ҚМДБ туды қорлағандарға қатысты мәлімдеме жасады

Борат
Фото: Brook Mitchell/Getty Images

Жуырда Австралияның Бондай Бич жағажайында жартылай жалаңаш билеген бірнеше адамның мемлекеттік туымызды мазақ еткен видеосы тараған болатын. Осыған қатысты еліміздің Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мәлімдеме жасады деп хабарлайды muftyat.kz.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайтында жарияланған мәлімдемеге сәйкес, асыл дініміз Исламда мемлекеттік маңызы бар рәміздерге мән берілгені айтылды.

"Хадис ғалымдары өз кітаптарында ту мен жалаудың қадірі мен құрметі жайлы арнайы тарау арнаған. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туды және ту ұстаған сахабалардың ерлігін ерекше атап өткен және оны құрмет тұтудың маңызы жайында тағылымды өсиетін қалдырған.

Отан деген сөз кез келген азамат үшін қымбат ұғым болса, әр адамның өзге елден ерекшелеп тұратын Әнұраны, Елтаңбасы мен Туы да – құрметке лайық құндылықтар. Туымыз көтеріліп, әнұранымыз шырқалғанда орнымыздан тұрып, құрмет көрсетуіміз – шариғатта құпталған іс.

Туға, әнұранға, елтаңбаға құрмет көрсету – өз еліміз бен жерімізге, рәміздерге құрмет көрсету.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жағажайда жалаңаш күйде туымызға құрметсіздік жасаған шетел азаматтарының өрескел әрекетін қатаң айыптайды,– делінген мүфтият жазбасында.

Айта кетейік, Австралия жағалауында өткен флешмобтан кейін қазақстандықтар оған жауап ретінде әлеуметтік желіде мемлекеттік туымызбен түскен суреттерін жариялап, көк ту қалай мақтан тұтатындарын жазған еді.

Сонымен қатар Алматыдағы АҚШ-тың Бас консулдығының алдына бір топ жас жиналып, "Борат-2" деген атпен жарық көрген фильмнің әлемдік прокатқа шығуына қарсылық танытқан болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1882855-borat-tiregindegi-dau-kmdb-tudy-korlagandarga-katysty-mlimdeme-zasady/