БҚО-да ұлына той жасаған ауыл әкімі қызметінен босатылатын болды
Жарияланған күні:
Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Ақжол ауылдық округінің әкімі Тәтжан Өтемісов 10 қарашадан бастап қызметінен босатылады деп хабарлайды "Мой город" порталы.
3 қарашада өңірде COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысы өткен.
Жиында облыс әкімі Ғали Есқалиев Ақжайық ауданы, Ақжол ауылдық округі әкімі Тәтжан Өтемісұлының ұлына той жасағыны туралы фактінің расталған-расталмағанын сұраған.
Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы Берік Батаев ауыл әкімі (9 қазан мен 9 қараша аралығында) кезекті еңбек демалысында екенін айтты.
"Жағдайға байланысты тексеріс жүргізілді. Қазіргі уақытта Тәтжан Өтемісов 9 қарашаға дейін еңбек демалысында жүр. 10 қарашадан бастап ол қызметінен босатылады. Сонымен бірге Тәтжан Өтемісовке қатысты карантиндік шектеулерді бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылып, 41 мың теңге айыппұл салынды", – дейді Берік Батаев.
Еске салсақ, жақында Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Ақжол ауылдық округінің әкімі Тәтжан Өтемісовтің мейрамханада ұлының үйлену тойын жасағаны туралы хабарлаған едік. Тұрғындар той Оралдағы мейрамханалардың бірінде өткенін атап өткен.
Кейін аймақ басшысы Ғали Есқалиев ұлына той жасаған ауыл әкіміне қатысты пікір білдірген болатын. Облыс әкмінің сөзінше, мұндай адамдарға мемлекеттік қызметте орын жоқ.
Айта кетсек, Батыс Қазақстан облысында коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу бойынша шаралар күшейтілген. Өңірде шамамен 140 мониторингтік топ жұмыс атқаруда.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1882878-bko-da-lyna-toj-zasagan-auyl-kimi-zmysynan-bosatylatyn-boldy/