RU

Қазақстандық АҚШ-тағы шенеунік лауазымына өзінің кандидатурасын ұсынды

Марк Юсупов
Марк Юсупов. Фото: instagram.com/yusupov

Қазақстанда туып-өскен Марк Юсупов 1984 жылы Лос-Анджелестен бөлініп шыққан шағын қала – Батыс Голливуд қалалық кеңесіне үміткер болуға шешім қабылдаған деп хабарлайды ВВС-дің орыс қызметі.

Марктың айтуынша, ол Қазақстанда туған, ал мектепті бітірген соң Ташкенттегі университеттердің біріне философия факультетіне оқуға түскен.

Алайда кейінірек қазақстандық Чикагодағы достарына қонаққа барып, сонда қалуға шешім қабылдапты. Содан бері 20 жылдан астам уақыт өтті, енді Марк Батыс Голливудтағы қалалық кеңесті басқаруға ниетті.

3 қарашадағы сайлауда кеңестің 5 мүшесінің екеуі таңдалмақ.

Алайда қазақстандықтың байыпты бәсекелестері де бар. Солардың бірі – қалалық кеңесте 30 жылдан астам қызмет еткен және қайтадан сайлауға түскелі жатқан Джон Хейлман.

Батыс Голливудта 35 мың адам тұрады, олардың 4 мыңға жуығы – орыс тілділер.

Юсуповтың айтуынша, Батыс Голливудтың 36 жылдық тарихында қалалық кеңесте орыс тілді диаспораның бірде-бір өкілі болмаған екен.

"Бізде көптеген орыс дүкені мен кәсіптері бар. Менің ойымша, уақыт пен ақшаның көп бөлігін қаланың шығыс бөлігіне жұмсалғаны жөн. Орыс тілді диаспораның үлкен бөлігі қарт адамдар, олар әсіресе қазіргі пандемия кезінде өз пәтерлерінде оқшауланып жатыр. Оларға далаға шығу аса қауіпті. Егде жастағыларға арналған бағдарламалар көбірек болуы керек", – дейді Марк.

Сондай-ақ оның айтуынша, қалада үйсіз-күйсіз жүргендердің көп бөлігі – денсаулығында психикалық ақаулары бар адамдар.

"Бұл адамдар психологтардың көмегіне мұқтаж, біз осындай жағдайда көмек көрсететін ұйымдармен көбірек ынтымақтастық орнатуымыз керек", – дейді Юсупов.

Еске салайық, бұған дейін хоккейден Қазақстан құрамасының бұрынғы капитаны Брэндон Боченски АҚШ-тағы Гранд-Форкс қаласының мэрі болғанын хабарлаған едік. Ол әкім сайлауында жеңіске жеткен.

Оған қоса, қазақ қызы Францияның Крайл қаласы басшысының орынбасары атанған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1882885-kazakstandyk-aks-tagy-seneunik-lauazymyna-zini-kandidaturasyn-syndy/