RU

Кентауда орыс ұлтының өкілдері ұлдарын қазақ полицейінің құрметіне Нұрбол деп атаған

Фото
Фото: Polisia.kz

Түркістан облысының тұрғындары Виталий мен Виолетта Барабаш екінші ұлдарын жергілікті учаскелік полицейдің құрметіне Нұрбол деп атаған. Бұл туралы Polisia.kz хабарлайды.

Басылым мәліметінше, оқиға 2019 жылдың күзінде болған.

Кешқұрым учаскелік инспектор Нұрбол Темірханұлына Үшқайық ауылдық округінің тұрғыны көмек сұрап, хабарласқан. Ер азамат босануға тиіс әйелімен бірге перзентханаға жете алмай тұрғандарын айтқан.

Полиция қызметкері әріптесімен бірге көрсетілген мекенжайға жарты сағат ішінде жеткен. Олар ауыл тұрғыны мен оның аяғы ауыр әйелін қызметтік автокөлікке отырғызып, Кентау қаласындағы перзентханаға алып бару үшін бағыт алады.

Алайда жол жөнекей әйел адамның толғағы басталып, жедел медициналық көмек қажет болған. Полиция қызметкерлері саспастан қызметтік көлікте болса да, келіншекті аман-есен босандырып алды.

Кейін жедел жәрдем бригадасы жаңа туған нәрестені анасымен бірге облыс орталығының ауруханасына алып кеткен. Бүгінгі таңда ана мен баланың денсаулығы жақсы.

Биыл сәби бір жасқа толып отыр. Виталий мен Виолетта ұлдарын Нұрбол Темірханұлын құрметіне Нұрбол деп атаған.

Айта кетейік, бүгінде Нұрбол Темірханұлы қазіргі уақытта өмірлік қиын жағдайға тап болған ерлі-зайыптыларға көмектесіп тұрады.

Еске сала кетсек, бұған дейін Павлодардың Усольский шағынауданындағы полиция бөлімшесі облыста үздік деп танылғанын хабарлаған едік.

Сондай-ақ президент полиция тәртіп сақшысы екенін сөз жүзінде емес, іс жүзінде дәлелдей білуге тиіс екенін айтқан болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1882897-kentauda-orys-ltyny-kilderi-ldaryn-kazak-policejini-krmetine-nrbol-dep-atagan/