RU

"122 мың құс өлген": Тағы бір өңірде құс тұмауы қайта өршіді

Көрнекі фото
Көрнекі фото: pixabay.com

Еліміздің жеті өңірінде өршіген құс тұмауы Алматы облысына да таралды. Аймақтағы ең ірі құс фабрикаларының бірінде қанаттылар қырылып жатыр деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Кәсіпорында вирус өткен аптада анықталып, сол уақыттан бері 122 мың құс арам қатқан. Қазір індет ошағына айналған фабрика карантинге жабылған. Мамандар ауру одан әрі таралып кетпес үшін кәсіпорында қалған 532 мың бас тауықты түгел жоюды жоспарлап отыр.

Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Нұртас Қиялбеков бұл жағдайға екпе жасауға немқұрайлы қараған компанияның тікелей өзі кінәлі екенін айтады.

"Бұл фабрика құс тұмауына қарсы вакцинаға Ресейге тапсырыс берген болатын. Ақшасын да төлепті. Бірақ неге екені белгісіз, вакцина сол күйі жеткізілмеді. Вирустың дәл осы кәсіпорында таралып кеткені де содан. Ал облыста құс өсірумен айналысатын ірілі-ұсақты шаруашылықтар түгел осы тұмауға қарсы екпе салдырды", - деді ол. 

Телеарна мәліметінше, індет ошағына айналған кәсіпорынның жанында екі құс фабрикасы мен бірнеше елді мекен бар.

Үйінде құс өсіретін тұрғындар да жетіп артылады екен. Бірақ облыста 2 миллионнан астам құсқа вакцина егілгенін алға тартқан мамандар алаңдауға негіз жоқ деп отыр. Олар ауру асқынған фабрикада вирустың жан-жаққа жайылуына жол берілмейтінін атап өтті. Сол себепті мұндағы құс біткенді алдағы уақытта түгел жою жоспарлануда.

"645 мың бас бар деген қазанның 19-да берілген есеп. Бұл фабрикадағы құс түгел жойылады. Жойылған құстар саналып жатыр. Жер бөлінді. Сол жерлерді қазып, өртеп көміп жатырмыз", - дейді ветеринариялық қадағалау және бақылау комитеті Қарасай аудандық инспекциясының басшысы Марат Жақсыбаев.

Айта кетейік, қыркүйек айында тіркелген жоғары патогенді құс тұмауынан осыған дейін Қазақстанның жеті облысында 870 мыңнан астам құс өлген.

Дереккөз: КТК телеарнасы

Еске салсақ, бұған дейін СҚО-да құс тұмауына байланысты 18 ауыл карантинге жабылған болатын.

Одан бөлек, ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстандағы құс тұмауының шығу себебін айтқан еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1882955-122-my-ks-lgen-tagy-bir-irde-ks-tmauy-kajta-rsidi/