RU

Венадағы терактінің куәсі болған Қазақстан азаматы қорқынышты күнді еске алды (видео)

Қазақстан азаматы
Скриншот: "Алматы" телеарнасы

Венадағы террористік актінің куәсі болған Қазақстан азаматы Абдулазиз Бахтияр "Алматы" телеарнасына өз көзімен көргендерін баяндады. 2 қараша күні кешке радикалдар алты түрлі жерде оқ жаудырған болатын.

Абдулазиздің айтуынша, Флейшмарк көшесі террористік акт эпицентрінің біріне айналған. Лаңкестер мейрамхана маңынан өтіп бара жатқан қарапайым адамдарға, жазғы верандада тамақтанған мейрамхана қонақтарына оқ жаудырған.

"Адамдардың айқайға басып, шулай бастағанын, қорқыныш пен үрей туындағанын байқадым", - деп еске алды Қазақстан азаматы.

Ер азаматтың айтуынша, осы уақыт ішінде ол мейрамхана ғимаратында болған. Түнгі сағат үшке жақын полиция оларды эвакуациялаған екен.

"Не істерін және қайда барарын, қайда жасырынарын білмей жүгіріп жүрген көптеген адамды көрдім", - дейді Абдулазиз.

Оның сөзіне сенсек, оқ жаудыру тоқтағаннан кейін полиция көшедегі қала тұрғындарына қайда бару керектігін және не істеу керектігін түсіндіре бастаған.

"Осы уақыт ішінде біз жаңалықтарды бақылап отырдық және тек жасырынатын жер іздеп, есі шығып, жүгіріп бара жатқан адамдарды көрдік. Бірден бірнеше атыс болды - 8 рет оқ атылғанын естідім. Қорқынышты жайт біз отырған мейрамханадан 100 метр қашықтықта болды", - дейді Абдулазиз.

Естеріңізге сала кетейік, Венадағы террористік акт 2 қарашада кешке таман болған. Белгісіз адамдар пулеметпен қаланың 6 түрлі нүктесінде оқ жаудырған.

Соңғы мәліметтер бойынша, теракт барысында төрт адам қайтыс болған, олардың арасында полиция қызметкері бар. Тағы 17 адам жарақат алды.

"Ислам мемлекеті" (Қазақстанда тыйым салынған - ред.) террористік ұйымы қарулы шабуылға жауапкершілікті өз мойнына алды.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі лаңкестік шабуылдан зардап шеккендер арасында қазақстандықтар болмағанын хабарлады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы оқиғаға қатысты пікір білдірді. Ол терроризммен күресте халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін біріктіруге шақырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1882968-venadagy-teraktini-kusi-bolgan-kazakstan-azamaty-korkynysty-kndi-eske-aldy-video/