Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Хабарсыз кеткен жігіттің өлімін туыстарына эфирде естірткен Ұлттық арна сынға ілікті

Опубликовано:

сынға ілікті1
Кадр: "Қымбатты жандар" бағдарламасынан

Qazaqstan телеарнасында Қымбат Досжан жүргізетін "Қымбат жандар" бағдарламасы көпшіліктің сынына ұшырады. Онда жүргізуші хабар-ошарсыз кеткен Асылбек Дүйсенов есімді жігіттің марқұм болғанын туыстарына студияда естірткен. Хабар авторлары Асылбектің қарындасы мен күйеу баласын сонау Маңғыстаудан арнайы шақыртқан деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы.

Ұлттық арна эфиріндегі бұрын болмаған жағдайды алғашқылардың бірі болып журналист Аян Қалмұрат байқаған.

"Қымбат Досжан студияда қарындасы Зүлфиядан ағасы туралы егжей-тегжейлі сұрайды, ағасының суреттерін көпшілікке көрсетеді, Асылбектің қалай жоғалып кеткенін, кейінгі жылдары қаншалықты жиі хабарласқанын сұрайды, соңғы рет қашан сөйлескенін, ішкен-ішпегенін, темекі тартты ма, жоқ па — соны да сұрап біледі.

Ең соңында жүргізуші: "Қарындасы ретінде не ойлайсың?" , - дейді.

Зүлфия: "Жүрген шығар бір жерде", - деп қамығып, сөзін аяқтай алмай қалады. Жүргізуші: "Экранға қарайық", - дейді.

Ары қарай не болды дейсіздер ғой? Тапты, жүздестірді деп ойлайтын шығарсыздар? Жоқ.

"Үйінен шығып, үйірінен адасып кеткендер көп…" деп сюжет басталады. Жоғалып кеткен Асылбек Дүйсеновтің суреттерін бірінен соң бірін шығарып, хикаясын бастан-аяқ қайта баяндайды. Экранның екінші жартысында — көзі жасаурап отырған қарындасы.

Сюжет ортасында "2014 жылы астанадағы үйлердің бірінің маңында белгісіз ер адамның мәйіті табылғаны", "мәйітке сот-медициналық сараптама тағайындалғаны", ақыры оның "Асылбек Дүйсенов болып шыққаны" айтылады.

Экран жартысында — ағасының қазасы туралы естіп, жылап отырған қарындасы.

Журналист сюжет соңында Асылбектің қаладағы зиратқа 246-нөмірмен жерленгенін айтады, "еш белгісі жоқ, жай төмпешікке айналған" марқұмдарды сөз етеді. Сюжет осымен аяқталады.

Студияда Зүлфия ағыл-тегіл жылап отыр", - деп жазады Аян Қалмұрат.

"Қымбат жандар" хабарының бұл шығарылымын бастан-аяқ көріп шыққан журналист қарындасына ағасының қайтыс болғанын не үшін студияда естірткенін түсіне алмаған.

"Қазаны бұлай — сюжетпен мыжып естірту үшін адамның жүрегі қандай болуы керек? Рейтинг үшін бе бәрі? Құтты болсын ендеше", - дейді Аян Қалмұрат.

Хабар барасында Қымбат Досжан марқұмның қарындасы Зүлфияның сонау Маңғыстаудан ат терлетіп келгенін тілге тиек етті.

Бағдарлама жүргізушісі осы жағдайға байланысты әлеуметтік желідегі парақшасында түсінік беруді жөн көріпті.

"Қымбат жандар" хабарына А.Дүйсеновтің туыстары іздеу салды. Бағдарламаны эфирге дайындау барысында А.Дүйсеновтің осыдан 6 жыл бұрын қаза тапқаны анықталды. ІІД өкілдері де осы күнге дейін бұл азаматты бірде-бір адам іздемегенін, ресми түрде арыз берілмегенін, тек бағдарлама редакциясы ғана іздеп хабарласқанын айтты. 3 ай моргта жатып, сосын жерленген екен.

Иә, кей көрермендер жазып жатқандай, қаралы хабарды кейіпкерді эфирге шығармай-ақ жеткізуге болар еді. Бірақ қалалық зиратта үй-күйсіз, құжатсыз жүріп қайтыс болған азаматтар өте көп. Бір ғана біз іздестірген А.Дүйсенов 246-шы нөмірмен жерленген. Заң талаптарын, қайда хабарласып, кімнен көмек сұрауды білмейтіндер көп.

Хабарсыз кеткен туысына әлі күнге дейін ресми түрде арыз жазбай, "келетін шығар" деген үмітпен жүргендер қаншама. Аты-жөнімен емес, нөмірлеп жерленгендердің туыстары тым болмаса сүйегін іздеп тапса деген ой болды. Сіздер талқылап жатқан хабарға қатысқандар да түсірілім аяқталғаннан кейін марқұмның рухына құран бағыштады.

Біз бұл бағдарламаны рейтинг үшін емес, жақынын жоғалтқандарға көмектесу мақсатында дайындаймыз. Бұл оқиға бойынша атқарған жұмысымыз игілік емес, қателік болса көпшіліктен кешірім сұраймыз ", - деп жазды Қымбат Досжан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1882993-habarsyz-ketken-zigitti-limin-tuystaryna-efirde-estirtken-lttyk-arna-synga-ilikti/

pixel