RU

Қазақстанда келесі жылы полиция қызметкерлерінің жалақысы өседі

Фото
Көрнекі фото: NUR.KZ

Алдағы үш жылда тәртіп сақшыларының жалақысын 30 пайызға арттыру көзделген. Президенттің бұл тапсырмасы келесі жылдан бастап іске асырылмақ деп жазады BAQ.KZ.

Бұл туралы Ішкі істер министрлігінде өткен онлайн брифингте министр Ерлан Тұрғымбаев мәлім етті. Оның сөзінше, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев министрлік алдына осындай міндет қойған. 

"Алдағы жылы полиция қызметкерлерінің жалақысы өсетін болады. Сондай-ақ баспананы жалдап тұруға берілетін өтемақыны алушылар санын арттыруды көздеп отырмыз. Полиция қызметкерлерінің жұмысының тиімділігі мен нәтижелігі оның материалдық тұрғыдан қамтамасыз етілуіне байланысты. Оларға лайықты жағдай жасап қана талапты күшейте аламыз", - деді ішкі істер министрі.

Қазан айының соңында мемлекет басшысы ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісін өткізді. Жиналыс кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев тәртіп сақшыларының жалақысын көтеруді тапсырды.

Президент полиция қызметкерлерін жан-жақты әлеуметтік қолдау негізгі міндеттердің бірі екенін айтты.

Тоқаев тәртіп сақшыларына баспана жалдауға өтемақы ретінде 15 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінетінін жеткізді. Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап осы мақсаттарға қосымша 10 миллиард теңге бөлінеді.

Еске сала кетсек, осыған дейін білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 1 қыркүйектен бастап мұғалімдердің жалақысы қалай өзгеретінін айтқан еді.

Сонымен қатар, еліміздің үздік мұғалімдеріне 2,7 млн теңге табысталғанын жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1883042-kazakstanda-kelesi-zyly-policia-kyzmetkerlerini-zalakysy-sedi/