RU

Алматы әуежайында полицей қатысқан төбелес видеоға түсіп қалды

Алматы әуежайы 2
Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов

Әлеуметтік желіде форма киген азаматтың басқа ер адамға қол көтерген видеосы тарап кетті. Бұл оқиғаға қатысты көліктегі полиция департаменті пікір білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ведомство баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Видео Instagram желісіндегі kris_p_kz пабигінде жарияланды.

Ролик авторы оқиға Алматыда болғанын айтады. Аталған ақпаратты көліктегі Полиция департаменті растады.

Белгілі болғандай, 2 қарашада Алматы әуежайындағы Желілік полиция бөлімінің кезекші бөліміне FlyArystan әуе компаниясының өкілінен № 8 шығу есігіне полиция жасағы қажет екені туралы хабарлама келіп түскен.

Онда ішімдікке тойған азамат болған екен. Ол Алматыдан Қостанайға тиісті рейспен ұшқан.

"Құқықбұзушы полицейлерге берілді. Тексеріс барысында көліктегі полицейлер бұрын бірнеше рет істі болған Қостанайдың 1984 жылы туған тұрғынын анықтады",- деді Полиция департаментінде.

Азамат полицияның кезекші бөліміне жеткізілген. Алайда, ол өзін агрессивті ұстап, дөрекі сөздер айтып, тәртіп сақшыларына қарсылық танытқан.

Полицейлер аталған азаматқа физикалық күш пен арнайы құралдар қолданған.

"Медициналық куәландырудың қорытындысына сәйкес, ер адамда орташа дәрежеде алкогольдік масаңдық анықталды", - деді департаментте.

Аталған азаматқа қатысты ҚР ҚК 378-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сонымен қатар, қызметкерге қатысты қызметтік тексеріс жүргізілген, құқық қорғау органдарының беделін түсіретін іс-әрекетті жасағаны және қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны үшін полиция қызметкері Ішкі істер органдарынан шығарылған деп атап өтті ПД.

Алматы әуежайының лауазымды тұлғаларына, ПЖБ-ның тағы 8 қызметкеріне қатысты тәртіптік сипаттағы шаралар қабылданды.

Айта кетейік, Қызылордада жеңіл автокөлік жүргізушісі полиция қызметкеріне қарсылық танытып, оны капотының үстінде бірнеше метрге сүйреп кеткен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1883093-almaty-uezajynda-policej-katyskan-tbeles-videoga-tsip-kaldy/