Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ұстаз болып жүріп жүйке ауруына шалдыққан ақтөбелік әйел қыздарын көруге зар

Опубликовано:

Мөлдір Жалмұхан
Мөлдір Жалмұхан. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбеде 39 жастағы бұрынғы мектеп мұғалімі сот жағалап жүр. Келіншек балалар үйіне тапсырған қыздарымен кездесуді армандайды. Қолында бірнеше бет қылып жазған арызы бар. Бірақ, қаладағы бірде-бір құзырлы мекеме экс-мұғалімнің шағымын қабылдай қоймаған деп хабарлайды өңірдегі KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ұстаздық етіп жүріп, аяқ астынан жүйке ауруларына шалдыққан келіншектің өзі әпкесінің қамқоршылығында.

«Әсел және Сезім есімді қос қызым бар. Қазір үлкені 10 жасқа толса, кішісі 7 жаста. Қыздарымның жүзін көрмегеніме төрт жылдан асты. Аяқ астынан ауырғаннан кейін олар балалар үйіне тапсырылды»,- дейді Мөлдір Жалмұхан.

Қазір жағдайының жақсарғанын айтқан ана қыздарын көріп тұруды армандайды.

«Ауырғаным рас. Кіші қызымды босанғаннан кейін ауырып қалдым. Оған дейін ауылда мұғалім болып жұмыс істедім. Кіші қызымды қырқынан шығарғанға дейін әкемнің үш бөлмелі үйде тұрдым. Аудандағы мамандар өзімді ауруханаға жатқызып, қыздарымды балалар үйіне жіберген. Қыздарды алғашында көріп тұрдым. Кейін кездесе алмай қалдым. Сот арқылы қабілетімнің қалыпты екенін дәлелдеп, оларды бауырыма басқым келеді», - дейді келіншек.

39 жастағы сіңілісін денсаулығына байланысты қамқоршылығына алған әпкесі қыздарды қазір алуға жағдайдың қиын екенін айтты.

«Сіңілім кезінде сауатты еді. Мектепте он жылдай мұғалім болды. Ауырғаннан кейін қиын. Ана ғой. Қыздарын сағынады. Оның балаларымен кездесіп тұрғанын мен де қалаймын. Қыздар сәл есейгеннен кейін алғымыз келеді. Бірақ әзірге жағдай болмай тұр», - дейді әпкесі Аңсаған Жалмұханова.

39 жастағы Мөлдір Жалмұхан екінші топ мүгедектігі бойынша жәрдемақы алады.

Қыздарымен кездестіруге көмек сұраған келіншек туралы Ойыл ауданының әкімдігінен де мәлімет сұрадық.

«Ол кісі «параноидная шизофрения» дертімен есепте тұр. Ауру белгілері алғаш рет 2002 жылы байқалған. 2014 жылы ауырды. 2013 жылы Ойыл аудандық сотының шешімімен іс әрекетке қабілетсіз болып танылуына байланысты ол кісіге туған апасы қамқоршы болып тағайындалды. Білімі жоғары, 2002-2008 жылдары Аманкелді негізгі мектебінде жұмыс істеген. Он жылдан аса уақыт Ақтөбе қаласында тұрады. Әке-шешесі қайтыс болған», - дейді Ойыл ауданының әкімдігі.

Ал облыстық білім басқармасы балалардың қауіпсіздігі үшін келіншектің әзірге қыздарымен кездесе алмайтынын кесіп айтты.

«Бұл азаматшаның өзі қамқоршылықта. Денсаулығына байланысты іс әрекетіне қабілетсіз болғандықтан балаларын ала алмайды. Бала өмірі қауіпсіз болуы тиіс», - дейді облыстық білім басқармасы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1883094-staz-bolyp-zrip-zjke-auruyna-saldykkan-aktbelik-jel-z-kyzdaryn-kruge-zar/