RU

АҚШ-тағы сайлау: Нәтиже әлі шықпаса да, наразылықтар басталып кетті

АҚШ-тағы наразылық
Фото: Tayfun Coskun/Anadolu Agency via Getty Images

Президенттік сайлау өткен АҚШ-ты наразылық толқыны шарпыды. Комиссия дауыстарды санаумен айналысып жатқанда, наразылық білдірушілер Вашингтон, Лос-Анджелес, Роли және Портленд көшелеріне шықты деп хабарлайды USA Today.

Лос-Анджелес, Калифорния көшелерімен ондаған адам жүріп өтті, ал Роли (Солтүстік Каролина) мен Портлендке (Орегон) 200 адам жиналған. Миннесота штатында оннан астам белсенді қамауға алынды.

Басылымның хабарлауынша, сайлау бұрмаланған деп мәлімдеме жасаған Дональд Трамп наразылық білдірушілердің шамына тиіп, "отқа май құйған".

"Бұл америкалық қоғамды бұрмалау. Бұл біздің ел үшін ұят нәрсе... Шынымды айтсам, біз сайлауда жеңіске жеттік",– деген едіТрамп.

Вашингтондағы бейбіт наразылық акциясы қарсылық танытуға айнала бастады. Қатысушылар итерісе бастаған, ал полиция наразылық білдірушілерді түтін гранаталарымен таратуға тырысты.

Сейсенбі күні түстен кейін жинала бастаған көпшіліктің арасында президент Дональд Трампқа қарсы жазылған плакаттар немесе бұрынғы вице-президент Джо Байденді қолдайтындар бар.

Қараңғы түскеннен кейін наразылық білдірушілер "Трамп үнемі өтірік айтады" және "Трампты алып тастаңдар" деген үлкен қара баннерлер көтерді.

Колумбия округінің полиция департаментінің өкілі бір адам қамауға алынғанын айтты. Ер адам бұзақылық жасап, қамауға алуға қарсылық танытты деген айыппен ұсталған.

Кейін тағы екеуі ұсталыпты. Түн ортасына дейін ондаған қара киім киген наразылық білдірушілер "Black Lives Matter!" деп ұран салып, Black Lives Matter Plaza-дан батысқа қарай жүре бастады.

Лос-Анджелестің полиция департаменті сейсенбі күні таңертең сайлау күні кез келген оқиғаларға жауап беретін қызметкерлердің жеткілікті болуын қамтамасыз ету үшін "жалпықалалық тактикалық ескерту" жариялады.

Көп ұзамай департамент "ірі әрі наразы топты" таратуға тырысқанын жариялады.

Еске салсақ, демократиялық партияның атынан ұсынылған үміткер Джо Байден өзінің туған жері Делавэр штатында сөз сөйледі. Ол өзінің жеңісіне сенімді екенін мәлімдеген еді.

Ал, Дональд Трамп АҚШ-тағы президент сайлауында жеңіске жететінін мәлімдеді. Ол өз жеңісін тойлауға да әзір.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1883099-aks-tagy-sajlau-ntize-li-sykpasa-da-narazylyktar-bastalyp-ketti/