RU

Сақтану керек: Қазақстанда жүрек ауруынан болатын өлім дерегі көбейген

жүрек ауруы
Көрнекі фото: baribar.kz

Биыл Қазақстанда жүрек ауруынан қаза тапқандар саны өскен. Дәрігерлер жүрек-қантамыр дертінің асқынуынан егде жастағы​ азаматтар арасында қайғылы жағдай жиілеп кеткенін жасырмайды. Әлемді жайлаған індет жүрегінде ақауы бар жандарға қауіп төндіре ме? Одан сақтанудың жолы қандай? Ақтөбелік дәрігерлер осы сұрақтарға жауап берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Қазіргі уақытта жүрек-қантамыр дертінен қайтыс болғандар саны промилле көрсеткішімен алғанда​ республика және облыс бойынша өткен жылмен салыстырғанда өскен. Бұл қазіргі індетпен байланысты деп нақты айта алмаймыз.

Нақты айту үшін ауқымды зерттеулер жүргізу керек. Созылмалы дерті бар адамдар сақтық шараларын күшейткені дұрыс. Уақытылы дәрі қабылдап, дұрыс тамақтану тәртібін ұстану керек. Тек дәрімен шектелмей, табиғи дәрумендер пайдаланып, учаскелік дәрігерден кеңес алып отырған дұрыс", - дейді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров.

Мамандар мәліметінше, 2020 жылдың 8 айында республика бойынша жүрек-қан тамырлары жүйесі ауруларынан болатын өлім 195,0 ‰​ құраған. Өткен​ жылдың 8 айында өлім көрсеткіші 166,7 ‰ болған. Ал Ақтөбе облысында бұл көрсеткіш биыл 141,7 ‰ құрап тұр. Өткен жылдың 8 айында - 128,2 ‰ болған.

Мамандар ауру белгілері байқалған бойдан дәрігер кеңесіне жүгіну керектігін ескертеді.

"Коронавирус инфекциясының белгілері бұрынғы күйінде қалады.​ Әлсіздік, тершеңдік,​ жоғарғы​ және төменгі тыныс жолдарының зақымдану белгілері, жөтел, ентігу,​ жүрек айну және истің, дәмнің бұзылуы байқалған жағдайда бірден дәрігерге қаралу керек", - дейді Бекболат Ізбасаров.

Денсаулық сақтау басқармасы қазіргі уақытта барлық медициналық мекемелерде эпидемиялық шаралар күшейтілгенін хабарлайды. Әр емдеу мекемесіне видео бақылау қойылған.

Осылайша медицина қызметкерлерінің режимді қатаң сақтауы қадағаланады. Талап бойынша медицина қызметкерлерінің өзі дене қызуын күніне екі рет өлшеп тұруы қажет.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1883106-saktanu-kerek-kazakstanda-zrek-auruynan-bolatyn-lim-deregi-kbejgen/