RU

Қазақстанда коронавирус жұқтырған науқастар саны екі есеге артты

Бекетегі тексеріс
Көрнекі фото: NUR.KZ

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте санэпидбақылау комитетінің басшысы Айжан Есмағамбетова Қазақстанда коронавирус жұқтыру деректері көбейгенін айтты. Өткен аптаға қарағанда науқастар саны 2,6 есеге артқан деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Соңғы екі аптада елде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны артты. Барлық өңірде. Өткен аптамен салыстырғанда науқастар саны 2,6 есеге артты. Бүгінде барлық әкімдік пен жергілікті атқарушы органдармен әр өңірде эпидемиологиялық жағдайға байланысты карантинді күшейту шаралары қабылданды.

Бұл барлық объектілердің толтырылуын қысқарту, жұмыс кестесі, қоғамдық көлікті тоқтата тұру, аурушаңдықтың өсуімен өңірлердегі әуе және теміржол қозғалысын қысқарту, демалыс және мереке күндері карантинді күшейту",- деді Есмағамбетова.

Оның сөзінше, Қазақстанда бір тәулікте коронавирус жұқтырудың 438 жағдай тіркелген.

Айта кетейік, бұған дейін Көкшетау маңына блок-бекеттер қойылатыны хабарланды. Жалпы Ақмола облысында 9 қарашадан бастап жаңа шектеулер енгізіледі. Бұл туралы COVID-19 тарауына жол бермеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның төрағасы, премьер-мминистр орынбасары Ералы Тоғжановтың өңірге жұмыс сапары барысында белгілі болды.

Сондай-ақ, елде коронавирусты қайта жұқтырудың алғашқы дерегі тіркелді.

Бұл жайында Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы орынбасары Гүлнар Әбдірахманова мәлімдеді. Ол науқастың екі рет стационарда емделгенін атап өтті.

"Бұл өңірдегі алғашқы дерек. Келіншек пандемия басында, сәуір айында коронавирус жұқтырған. Тест екі рет теріс нәтиже көрсеткен соң оны ауруханадан шығарған. Ал екінші рет тамыз айында дертке шалдыққан",- деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1883109-kazakstanda-koronavirus-zktyrgan-naukastar-sany-eki-esege-artty/