RU

Білім министрлігі оқушылардың неше күн демалатынын нақтылады

күзгі демалыс
Көрнекі фото: balkhash.goo.kz

Қазақстандық оқушылар үшін 2020 жылғы күзгі демалыс өткен жылмен салыстырғанда бірнеше күнге ұзара түсті деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Оқушылардың күзгі демалысы он күн. Қарашаның 5-нен 14-не дейін жалғасады", – делінген министрлік хабарламасында.

Былтыр күзгі демалыс 28 қазанда басталып, 3 қарашада аяқталған.

Жалпы, биылғы демалыс күндеріне байланысты хабарламалар мессенджерлерде жиі таралуда. Мұның басты себебі коронавирус пандемиясы болды.

Айта кетерлігі, Қазақстанда мектеп оқушылары қашықтан білім алып жатыр. Ата-аналардың қалауы бойынша кезекші сыныптарда тек бастауыш сынып оқушылары оқиды. Сондай-ақ, дәстүрлі білім беру шағын жинақты мектептерде ғана сақталды.

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте санэпидбақылау комитетінің басшысы Айжан Есмағамбетова Қазақстанда коронавирус жұқтыру деректері көбейгенін айтты. Өткен аптаға қарағанда науқастар саны 2,6 есеге артқан.

"Соңғы екі аптада елде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны артты. Барлық өңірде. Өткен аптамен салыстырғанда науқастар саны 2,6 есеге артты. Бүгінде барлық әкімдік пен жергілікті атқарушы органдармен әр өңірде эпидемиологиялық жағдайға байланысты карантинді күшейту шаралары қабылданды", - деп мәлімдеді Есмағамбетова.

Оның сөзінше, Қазақстанда бір тәулікте коронавирус жұқтырудың 438 жағдай тіркелген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1883125-bilim-ministrligi-okusylardy-nese-kn-demalatynyn-naktylady/