RU

Алматыда дүкен өртеніп, 57 жастағы әйел тоққа түсіп қалды (видео)

Өрт дүкен
Фото: instagram.com/kris_p_almaty

Алматыда дүкен өртеніп, 57 жастағы әйел тоққа түсіп қалды деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"4 қарашада сағат 18.42-де Алматы қаласы ТЖД-ның 101 пультіне Әуезов ауданы Ярмухамедов көшесі бойында орналасқан зоотауарлар дүкенінде өрт шыққаны туралы хабарлама түсті.

Өрт сөндірушілер оқиға орнына 4 минутта жетті. Өрттің көршi ғимаратқа таралу және қатты сезiлген газдың иiciнен жарылыс қаупi туындады. Дереу жеткен авариялық газ қызметi газ беру жүйесiн ажыратты. Қабылданған шаралар арқасында қызыл жалын жарты сағатта ауыздықталып, көршi ғимараттарға таралу қаупiнің алды алынды", – деп мәлім етті Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли.

Оқиға орнынан дүкенге көрші тұратын 57 жастағы әйел электр жарақатымен №7 қалалық ауруханаға жеткізілді.

Өрт сағат 19.28-де толықтай сөндірілді. Жалын шарпыған аумақ – 400 шаршы метр.

Өртті сөндіруге ТЖД жеке құрамынан 75 адам және 17 техника жұмылдырылды. Сонымен қатар оқиға орнында Апаттар медицинасы орталығынан 3 қызметкер, 1 техника, Полиция департаментінен 6 қызметкер мен 2 техника, жедел жәрдемнің 3 қызметкері мен 1 техника жұмыс істеді.

Оқиға болған орыннан түсірілген видеолар әлеуметтік желіде жарияланды.

Еске салсақ, Алматыдағы "Жібек жолы" базарынан өрт шыққаны туралы хабарлаған болатынбыз.

Сонымен қатар, Алматыдағы Car City жанындағы ангардан шыққан ірі өрттің салдарынан тоғыз көлік жанып кеткен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1883131-almatyda-dken-rtenip-57-zastagy-jel-tokka-tsip-kaldy-video/