RU

СҚО-да 300-ден астам ветеринар ауылдық үстемеақыдан қағылуы мүмкін

Сиырлар
Көрнекі фото: piqsels.com

Келер жылы елді мекендерде жұмыс істейтін мамандардың айлығын көтеру үшін 5 млрд теңгеден астам ақша қарастырылған деп хабарлайды "Хабар 24".

Алайда айлығы көтерілетіндер тізіміне мал дәрігерлері ілікпей қалған.

Ветеринар Жансерік Басағаринов 5 мың малдың саулығына жауапты. Таңертеңнен кешке дейін жалғыз өзі олардан қан алады, түрлі ауруларға қарсы екпе жасайды. Жуырда қасына көмекші қосылды.

"Мұндай еңбектің еленбеуінен жастар келгісі, істегісі келмейді. Өзіңіз көріп отырсыз, жұқмыс ауыр. Жалақысы аз", – деді мал дәрігері Жансерік Басағаринов.

Өңірде Жансерік секілді 340 маман бар. Орташа жалақылары – 100 мың теңге. Әркімдікі әртүрлі әрине. Ол ауылдағы мал басына байланысты. Биылдан бастап мал дәрігерлері ветеринария басқармасына өтіп, бюджеттік айлықтан да, ауылдық үстеме ақыдан да қағылды.

"Биылғы жылға дейін ветстанциялар аудандық коммуналдық меншікте болған. Биылғы жылдан бастап заңға өзгерістер енгеннен кейін барлық ветстанциялар облыстық коммуналдық меншігіне ауысты. Соның салдарынан ветеринар мамандарға ауылды жерлерде нақты жұмыс істеп жатқандарға тікелей ветеринарлық мамандарға жалақысына бюджеттен қаражат бөлінбейді. Ол заңмен қарастырылмаған", – деді ветеринария басқармасының басшысы Берік Әлжанов.

Келер жылы Солтүстік Қазақстан облысында ауылда жұмыс істейтін мамандардың айлығын 25 процентке көтеру үшін 5 млрд теңгеден астам ақша салынады. Бұл үстеме ақыны денсаулық сақтау, білім, мәдениет, спорт, орман шаруашылығы, табиғатты қорғау салаларының қызметкерлері алады.

"Жұмысшылар тізімі тұрақты. Оны жергілікті билік өкілдері мен мәслихат депутаттары бірлесе бекітеді. Егер олардан нақты ұсыныс болса, біз міндетті түрде қарастырамыз. Әдетте, тізім бір", – деді қаржы басқармасы басшысының орынбасары Әлия Айкенова.

Қазір бұл сұрақты облыстық мәслихат депутаттары қарастырып жатыр. 2021-2023 жылдарға арналған бюджеттік жобаға ветеринарлар кіре ма, жоқ па ол жағы белгісіз.

Еске салсақ, Қазақстанда азық-түлік тауарларының өндірісі тоқтамайды және еш тапшылық күтілмейді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі Аграрлық азық-түлік нарықтары, органикалық өнім және техникалық реттеу департаменті директорының міндетін атқарушы Сәуле Жұрынова айтып берді.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровқа бірқатар тапсырма берген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1883142-sko-da-300-den-astam-veterinar-auyldyk-stemeakydan-kagyluy-mmkin/