RU

Талғар халқы аудан әкіміне салынған муралды көріп қуанып қалды (фото)

Талғар ауданында мурал салып жатыр
Фото: instagram.com/talgar_akimat

Алматы облысы Талғар қаласындағы көпқабатты үйлердің біріне ауданның экс-әкімі, марқұм Жолан Омаровқа мурал салынып жатыр деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Мурал авторы - талдықорғандық суретші Еркеғали Иманғали.

"Мурал әкімдіктің бастамасы мен демеушілердің қолдауымен салынып жатыр. Ол “Жаңа Талғар” ықшам ауданындағы жаңадан салынған үйде орналасқан. Болашақта бұл шағынауданға да осы кісінің атын беру жоспарда бар", - дейді әкімдіктің баспасөз хатшысы Жанкелді Өмірәлиев.

Жолан Омаровтың бейнесін салуды қазір екі суретші Еркеғали Иманғали және Мерей Кітапов қолға алған. Муралды салу жұмысы осы жұмада толық аяқталады.

Аудан халқы қалада бұрынғы әкімнің бейнесінің пайда болғанына қуанышты көрінеді.

Мұны әкімдіктің желідегі парақшасында мурал туралы тұрғындардың пікірінен байқауға болады.

"Жолан Омаров елім, халқым дейтін ер азамат еді. Ондай адамдар аз. Ендігі әкімдеріміз де Жолан Омаров сияқты адал еңбек атқарса екен. Талғар халқы Жолан Омаров үшін шыр-пыр болып жатқанын көріп үлгі алса екен. Жақсы адамдар мәңгі есімізде қалады. Жатқан жері жайлы болсын", - дейді талғарлық тұрғын әлеуметтік желіде.

Желі қолданушылары экс-әкімнің ауданға еңбегі әбден сіңгенін айтып, әкімнің атына көше беруді ұсынуда.

"Алла жатқан жерін нұрландырсын! Халыққа қуаныш сыйлап, жүректерінен жол тапқан ардақты азамат еді. Қуаныштымыз! Атына бір көше берілсе, тіпті керемет болар еді", - дейді тағы бір желі қолданушысы.

Еске сала кетсек, Талғар ауданының бұрынғы әкімі Жолан Омаров биыл жазда пневмониядан қайтыс болғанын хабарлағанбыз.

Айта кетейік, Жолан Ыбрайахынұлы 1979 жылы 7 шілдеде дүниеге келген. Марқұмның артында жары мен 4 баласы қалды. Ол Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті, Қазақ ұлттық аграрлық университетін тәмамдады.

Еңбек жолын Алматы облысы Ұзынағаш ауылында "КИРЗАВОД-1" ЖШС атқарушы директоры болып бастады. Әртүрлі жылдары Алматы облыстық жер қатынастары басқармасында, Алматы облыстық туризм басқармасында жұмыс істеді. Алматы облысының жер қатынастары басқармасын басқарды.

2017-2019 жылдар аралығында Алматы облысы Райымбек ауданының әкімі болды. 2019 жылдың қыркүйегінен Талғар ауданының әкімі қызметін атқарды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1883186-talgar-halky-audan-kimine-salyngan-muraldy-krip-kuanyp-kaldy-foto/