RU

Ғалымдардың маска тағу бойынша қандай шешім қабылдағаны белгілі болды

дерт
Көрнекі фото: pexels.com

Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігері Жанна Пірәлиева орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифинг барысында маска тағудың пайдасы туралы сөз қозғады деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы.

Оның сөзінше, ғылыми зерттеу масканың тиімділігін растаған. Медициналық маскаларды тағу коронавирус инфекциясының тарату ықтималдығын төмендеткен.

Пірәлиеваның айтуынша, бұндай тұжырымға Гонконг пен АҚШ университеттерінің ғылыми қызметкерлері ДДСҰ сарапшыларының қатысуымен жасаған зерттеуден кейін келген. Зерттеу қорытындылары ғылыми басылымдарда жарық көрген.

"Принстон жоғарғы оқу орнының қызметкерлері коронавирустың таралуы бойынша математикалық модельді әзірлеген. Ол арқылы мамандар індет адам көп шоғырланған жерге баратын тасушылардан (вирусты тасушылар-ред.) тез таралатынын анықтаған. Індеттің алдын алу үшін жоғары қорғанышы бар масканы тағудың қажеті жоқ. Толық жауып тұратын маскалар инфекционист дәрігерлерге керек. Медицина саласына қатысы жоқ адамдарға қарапайым маскалар да жарайды", - дейді Пірәлиева. 

Ол шет мемлекеттердің көбісі жағдайдың ушығуына байланысты локдаун жариялап жатқанын да атап өтті.  

"Біз қала мен республикада жағдайды тұрақты ету үшін жұмыс істеп жатырмыз. Сол себепті тұрғындарды барлық санитарлық талапты сақтауға шақырамыз", - деді Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігері.

Айта кетейік, өткен тәулікте елімізде коронавирус тағы 494 адамнан анықталған. Сонымен қатар коронавирус пен оның белгілері бар пневмониядан жеті адам қайтыс болған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1883242-galymdardy-maska-tagu-bojynsa-kandaj-sesim-kabyldagany-belgili-boldy/