Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда экстремал метро пойызына жармасып алып келесі бекетке жеткен (видео)

Опубликовано:

Метродағы блогер
Видеодағы кадр: youtube.com/SheRIFF Almaty

Алматы полициясы метрода пойыздың соңғы вагонына жармасып алып, "Алмалы" бекетінен "Абай" бекетіне дейін жеткен блогерді іздестіруде деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Экстремал-блогердің видеосы SheRIFF Almaty YouTube арнасында "Зацеп метро Алматы" атауымен жарияланған.

Видеоның авторы пойыз кезекті бекетке тоқтаған сәтте, соңғы вагонның артына жармасып, келесі бекетке дейін жеткен. Экстремал өз әрекетін видеоға түсірген.

"Алматы метросында пойызға жармасып, "Алмалы" бекетінен "Абай" бекетіне дейін жетіп алдым", – делінген видеодағы жазбада.

Алматы полиция департаменті NUR.KZ-ке видео авторын іздеуге көшкендерін жеткізді. Метродағы полиция басқармасының жеке құрамы экстремалды ұстауға бағытталған.

"Оның әрекеттеріне заңға сәйкес құқықтық баға беріледі. Ол құқыққа қайшы әрекеті үшін міндетті түрде жауап береді", – деп қосты полиция.

Сонымен қатар бұл жайтқа қатысты Алматы метрополитені Tengrinews.kz-ке пікір білдірген.

Олардың мәліметінше, оқиға болған кезде жолаушыларға қызмет көрсететін кезекші қарама-қарсы платформада болған. Экстремал-блогердің әрекеті метродағы бейнебақылау камераларына жазылған.

"Метрополитен" КМК полициядан құқық бұзушыға қарсы шара қолдануды сұрап отыр. Мұндай "сапармен" ол өзінің өміріне қауіп төндірген және бұзақылығының кесірінен пойыздар кестесінің бұзылуы мүмкін еді.

Желі қолданушылары да блогердің бұл әрекетін құптамады. Видео 30 лайк және 130-дан астам дизлайк жинаған.

"Бұл құптарлық әрекет емес", "Сен басқа адамдар туралы ойладың ба? Енді қанша адам материалдық жазаға тартылатынын білесің бе? Ал олардың отбасы, балалары бар", – деп пікір қалдырған желі қолданушылары.

Еске салсақ, бұған дейін Алматыда троллейбустың артқы бөлігіне жармасып алған белгісіз адам туралы жазған едік.

Сондай-ақ Алматыда көпір үстінде қауіпті трюк жасаған азаматтың елді шошытқанын хабарлаған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1883251-almatyda-ekstremal-metro-pojyzyna-zarmasyp-alyp-kelesi-beketke-zetken-video/

pixel