Елордада әуежай қызметкерінің киімі жұртты таңғалдырды (видео)
Опубликовано:

Нұр-Сұлтан әуежайда тепловизоры бар смарт-дулығаны сынақтан өткізу басталды. Аталған құрылғын көрген қазақстандықтар таңданыстарын жасыра алмаған деп хабарлайды Sputnik Қазақстан агенттігі әуежайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Агенттіктің мәліметінше, интеллектуалды дулыға Қытайдың Шэньчжэнь қаласында құрастырылған. Оның көмегімен адамның дене қызуын лезде өлшеуге болады.
Әзірге, әуежайға бір ғана дулыға келген. Оны қызметкерлер сынақтан өткізіп жатыр.
Құрылғының ішінде орналасқан тепловизор бес метр қашықтықтағы адамның температурасын анықтай алады.
Дулыға дене қызуы шамадан жоғары жолаушыны байқаса, бірден дабыл қағады.
"Негізгі функция – термометрия. Бірақ смарт-дулығаның басқа да мүмкіндіктері бар. Мысалы, қызметтік куәлік арқылы қызметкерлерді анықтай алады, қызметтік көліктер туралы ақпарат шығару функциясы да бар", - дейді әуежайдың денсаулық бекеті меңгерушісінің міндетін атқарушы, терапевт Әбдіғани Шапулатов.
Оның сөзінше, алдағы уақытта сынақтан кейін қосымша смарт-дулығалар жеткізілуі мүмкін.
"Адамдар бұл қайдан келген "робокоп" деп сұрайды. Біз әлемдік тәжірибені зерттеп отырамыз ғой. Сөйтіп, осы өнімді өз әуежайымызда тексеріп шыққанды жөн көрдік", - дейді маман.
Қазіргі уақытта смарт-дулыға тек Нұр-Сұлтан қаласында ғана бар. Республиканың басқа әуежайларында ондай тәжірибе әлі енгізілмеген.
Еске салсақ, бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында жаңа шектеу шаралары енгізілгені туралы жазған едік.
Сондай-ақ 4 қарашаға қараған түні 369 жолаушысы бар 3 ұшақ елордаға ұшып келген Олардың 34-інде коронавирустың теріс нәтижесі бар анықтама болмаған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1883298-elordada-uezaj-kyzmetkerini-kiimi-zrtty-tagaldyrdy-video/