RU

Дания билігі вирус таратуы мүмкін деген қауіппен қаракүзендерді жоймақ

Күзендер
Көрнекі фото: Arterra/Universal Images Group via Getty Images

Дания билігі коронавирустың мутациясына алаңдап, елдегі барлық қаракүзендерді жою туралы шешім қабылдады деп хабарлайды EuroNews.

Бұл шешім елдегі 17 миллионға жуық жануарға қатысты. Дания үкіметінің тиісті шешімі туралы премьер-министр Метте Фредериксен жариялады, оның айтуынша, вирус қаракүзендер арасында мутацияға ұшырап, адамдарға жұққан.

Дания денсаулық сақтау органдарының хабарлауынша, Sars-CoV-2 коронавирусының мутацияланған түрі Солтүстік Ютландияда он екі адамнан анықталды. Бұл мутация болашақ вакцинаның әсерін нашарлатып, Данияның басқа бөліктерін былай қойғанда, бүкіл Еуропаға таралу қаупін арттыруы мүмкін.

Дания – әлемдегі қаракүзен терісінің ең ірі өндірушісі. Қазіргі кезде республикада асыл тұқымды мал өсіретін мыңнан астам шаруашылық бар.

Дания билігінің мәліметінше, 200-ден астам шаруа қожалықтарында коронавирус дерегі расталған. Олардың үштен бірінде терісі бағалы аңдар толығымен жойылған. Қаракүзен өндірушілеріне өтемақы төленеді.

Маусым айында Нидерландыда ауру жұқтыру өршіген соң, ел билігі инфекция анықталған шаруашылықтардағы терісі бағалы жануарлардың бәрін жою туралы бұйрық берген болатын.

Еске салсақ, кәрі құрлықта індет кеңінен таралған елдің бірі Ұлыбританияда 5 қарашадан бастап карантин енгізілген болатын.

Сондай-ақ Польшада коронавирусты жұқтырғандардың саны артуына байланысты жаңа шектеулер енгізіледі. Оған сәйкес елде барлық кинотеатр мен театрлар, мұражай, қоғамдық және музыкалық орталықтар жабылады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1883301-dania-biligi-virus-taratuy-mmkin-degen-kauippen-karakzenderdi-zojmak/