RU

Елімізде заңсыз такси жүргізушілерімен енді арнайы инспекторлар күреспек

Такси
Көрнекі сурет: pixabay.com

Қазақстанда көлік инспекциясының өкілеттілігі кеңейетін болды. Инспекторлар жақын күндері заң бұзған көлік жүргізушілерін полицейлердің көмегінсіз, өз бетімен анықтау құқығына ие болады деп жазады Kolesa.kz.

Бұған дейін бақылаушылар заңсыз такси жүргізушілерін тек полицейлермен бірге анықтай алатын.

Ал енді олар заңсыз такси қызметімен айналысатындарды өз бетімен анықтау құқына ие болмақ. Жақын күндері жария етілуі тиіс "Көліктік бақылау бекеттерін пайдалану ережелеріне" енгізілген өзгерістер өз күшіне енгеннен кейін инспекциялардың өкілеттіктері кеңейеді.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің көлік комитеті ұсынған ақпаратқа сәйкес, бұған дейін инспекция қызметкерлері сан алуан рейдтік және шұғыл алдын алу шараларын ішкі істер органдарымен бірге жүргізсе, енді тексерісті жылжымалы бекеттердің көмегімен өздері жүргізе алады.

Айта кетерлігі, олар заңбұзушылыққа қатысты тексерісті ресми такси жүргізушілеріне де (көліктер мен құжаттардың заңды талаптарға сәйкестігін), заңсыз жолаушы тасымалдайтын көліктерге де жүргізуі мүмкін.

"Рейд кезінде заңсыз тасымалдаушылар жиналатын жерлерге баса назар аударылады. Атап айтқанда, базарлар, теміржол мен автовокзал алаңдары, ірі сауда және ойын-сауық орталықтары және тағы басқа орындар...Инспекторлар жүргізушілерді тексеру үшін жол учаскесінің қандай да бір бөлігін жабуды жоспарлап отырған жоқ", - дейді комитет өкілі.

Көліктік инспекция рейдке мемлекеттік кірістер комитетінің мамандарымен бірге шықпақ.

Еске салсақ, бұған дейін біз елімізде көлік жүргізушілеріне жүргізуші куәлігінсіз қатынауға рұқсат етілмек екендігін жазған едік.

Одан бөлек, көлік жүргізу құқығынан айырылған 300-ден астам алматылық рөлге мас күйде отырғанын жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1883387-elimizde-zasyz-taksi-zrgizusilerimen-endi-arnajy-inspektorlar-krespek/