RU

Елордада сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік қызметкерлерінің жазасы жеңілдеді

Фото
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Нұр-Сұлтан қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігінің екі қызметкері жемқорлыққа қатысты қылмысты арандату бойынша кінәлі деп танылған болатын. Кейін олардың құқыққорғау жүйесіне сіңірген еңбегі ескеріліп, жазалары төмендетілді. Енді бұрынғы қызметкерлер екі жылын ғана темір торда өткізеді деп жазады "Время" газеті.

Елордадағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюро басшысының бұрынғы орынбасары Шыңғыс Мырзахметов алты жылға, жедел қызметкер Ержан Жакупов бес жарым жылға, ал аса маңызды істерге жауапты офицер Рустем Ерланұлы екі жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Олар қылмыстық іс материалдарын бұрмалап, жалған шағым жасап, өз-өзіне қол жұмсауға итермелеп, арандатқаны үшін тұтқындалған.

Өткен сейсенбіде Нұр-Сұлтан қалалық соты бұрынғы жемқорлықпен күрес қызметкерлерінің аппеляциялық шағымына қатысты шешім қабылдап, олардың жаза мерзімін екі жылға дейін қысқартты.

Қысқаша айтар болсақ, Шыңғыс Мырзахметов үш эпизод бойынша жауапқа тартылды. Екі жағдайда ол мемлекеттік қызметкерлерді пара беруге және алуға итермелегені үшін көзге түскен. Ал тағы бір оқиғада Мырзахметовтің басшылыққа қарсы куә болу үшін бұрынғы полицейді камерада асылып қалуға итермелегені айтылады.

Ал Ержан Жакупов екі арандатушылық іске атсалысса, Рүсем Ерланұлы аталған полицейдің ісіне қатысты заңсыз әрекеттер жасаған. Тағы бір жедел қызметкер Бауыржан Керімбеков сот кезінде қайтыс болды.

Аппеляция нәтижесінде Нұр-Сұлтан қалалық соты Мырзахметов пен Жакуповты тым қатал жазалады деген шешімге келген. Осылайша, олардың жазасы екі жылға дейін бас бостандығынан айыруға төмендетілді. Олар жазасының жартысын өтеген соң, жақын арада бостандыққа шығады.

Аталған іске бас-көз болған судья Абай Көкжаловтың айтуынша, аталған іс бойынша коллегия мүшелері қылмыскерлерге Қылмыстық кодекстің 55-бабын қолдануды жөн көрген. Мұнда заң бойынша жеңілдеу жаза қолдану туралы айтылған. Расында, 55 бапта қылмыстық іс кезінде күдікті тергеуге көмектессе және өзін үлгілі ұстайтын болса, жазаны жеңілдету қарастырылады. Бірақ Мырахметов пен Жакупов өз кінәларын мойындаған жоқ. Судья Көкжаловтың айтуынша, олардың құқыққорғау органдарындағы еңбегі мен отбасылық жағдайы ескерілген.

Ал Рустем Ерланұлы қалалық сот шешімімен толық ақталып шықты. Оның ісінен қылмыс дәлелдері табылмаған.

Еске салсақ, бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында экс-денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын. Онда экс-министр интеграциялық платформаны сатып алуға бөлінген 526 млн теңгеден аса бюджет қаржысын жымқырған деген күдікке ілінгені хабарланған.

Кейін қаржы министрлігі қаржы мониторингі комитетінің экономикалық тергеу қызметі бұрынғы денсаулық сақтау министріне қатысты аса ірі көлемде бюджет қаражатын ысырап ету фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатқанын мәлім етті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1883408-elordada-sybajlas-zemkorlykka-karsy-agenttik-kyzmetkerlerini-zazasy-zeildedi/