RU

"Құжатыңызды ауыстырыңыз": Ел тұрғындарының телефонына SMS жіберіледі

Фото
Фото: pexels.com

Қазақстандықтардың ұялы телефонына жеке құжаттардың мерзімі аяқталғаны туралы SMS-хабарлама жіберіледі деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Ұлттық ақпараттық технологиялар" баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, жеке куәліктің, паспорттың және жүргізуші куәлігінің мерзімі аяқталғаны туралы SMS телефон нөмірі мобильді азаматтар базасында тіркелген қазақстандықтарға құжат мерзімінің аяқталуына бір ай қалғанда келеді.

Белгілі болғандай, хабарламада "Жақын арада сіздің жеке куәлігіңіздің (паспорттың, жүргізуші куәлігінің) қолданылу мерзімі аяқталатынын еске саламыз. Жаңа құжатты алу үшін үйден шықпай-ақ eGov.kz арқылы өтініш бере аласыз" деп жазылады екен.

Ведомство төрағасы Әсет Тұрысовтың сөзінше, проактивті қызметтің арқасында адамдар құжат мерзімін өткізіп алмай, тапсырыс бере алады.

"Осылайша, біз қазақстандықтардың мерзімі өткен құжаттар үшін айыппұл төлемеуіне жағдай жасағымыз келеді", - дейді ол.

Айта кетейік, жеке куәлік пен паспортты eGov.kz порталында "Паспорт, жеке куәлік алу" қызметін пайдалану арқылы ұзартуға болады. Ал қолдану мерзімі өткен жеке басты куәландыратын құжаттарды тек халыққа қызмет көрсету орталықтарында ауыстырады. 

Айта кетейік, мәжілісмендер жол қозғалысы жөніндегі заңнамаға түзетулер енгізу жайлы құжатты қабылдады. Құжат азаматтарды жүргізуші куәлігін алып жүру міндетінен босату жөніндегі норманы қамтиды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1883425-kzatyyzdy-auystyryyz-el-trgyndaryny-telefonyna-sms-ziberiledi/