RU

Польшада 16 жастағы қазақстандық жігітті өлтіріп кетті: СІМ мәлімдеме жасады

Фото
Фото: Сыртқы істер министрлігі

Қазақстанның Варшавадағы елшілігі Польшадағы қазақстандық студенттің қайғылы қазасына қатысты тергеуді ерекше бақылауда ұстауда деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Польшаның құқық қорғау органдары таратқан ақпаратқа сәйкес, жергілікті тәртіп сақшылары кісі өлтірген күдіктіні және оның жолдасын – осы елдің азаматтарын ұстады. Біріншісіне кісі өлтірді деген айып тағылды, ал оның досы тергеуге кедергі келтірді және көмек көрсетпеді деп айыпталып отыр. Күдіктінің аңшы екені анықталды және қазақстандық студенттер тұрған жаққа оқ атқан. Қазіргі уақытта тергеу шаралары жүргізіліп жатыр", - делінген хабарламада.

Қазақстан тарапы Польша билігіне барынша мұқият тергеу жүргізуді және барлық кінәлілерді жазалау туралы өтініш білдірді. Қазіргі кезде дипломаттар құжаттарды рәсімдеп, марқұмның денесін отанына жіберу бойынша шаралар қабылдауда.

Қайтыс болған студенттің туыстары мен жақындары олардың жеке өміріне қол сұқпау құқығын құрметтеуді, осы қайғылы жағдай төңірегінде дүрлігу жасамауды сұрайды.

Еске сала кетсек, 2 қарашада Польшаның Ополе-Любельске қаласында 2004 жылы туған Қазақстан азаматы оқ жарақаты салдарынан қаза тапқанын жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1883466-polsada-16-zastagy-kazakstandyk-zigitti-ltirip-ketti-sim-mlimdeme-zasady/