RU

Карантин отандық кәсіпкерлерге қалай әсер етті

Коронавирус
Көрнекі сурет: pixabay.com

Карантин салдарынан отандық кәсіпорындардың 40 пайызы жапа шеккен. Бұл туралы "Nur Otan" партиясы жанындағы құқықтық кеңес отырысында мәлім болды деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.

Жиынға қатысушылар кәсіпкерлердің жұмысын қайта жандандыруға не кедергі екенін жан-жақты талқылады.

Бизнес өкілдерінің құқығын қорғап жүрген Рүстем Жүрсінов келтірген мәліметтерге сәйкес, қазақстандықтардың 32 пайызы жеке кәсіппен айналысады. Алайда, қазіргі күні олардың дені жұмыссыз отыр.

Айтуынша, бұған себеп, сатып алушылардың саны азайғандығы, салықтық міндеттемелер мен мемлекет тарапынан қаржыландырудың тоқтап қалуы.

"Қазіргі уақытта кәсіпкерлер жұмыс істеуге мүмкіндік беруді сұрап отыр. Пандемияның екінші толқыны жүріп жатқандықтан, шектеу шараларына аса мұқият болу керек", - дейді Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рүсем Жүрсінов.

Жеке бизнеске кедергі келтіріп тұрған тағы бір мәселе - микроқаржы ұйымдары санының артуы. Құқықтық кеңес төрағасы банкттен қарыз алу қолжетімсіз болғандықтан, халық осы микроқаржы ұйымдарына жүгінуге мәжбүр екенін жасырмады.

"Бірақ бұл ақшаның өтемі қалай болады? Кейбір жағдайларда олар ұсынған пайыздық мөлшерлеме 700%- пайызға жетеді! Бұл дегеніміз микроқаржы ұйымдар азаматтардың қаржылық сауатсыздығын пайдаланып, оларды қарызға батыруда деген сөз. Сондай-ақ, алаяқтық жағдайларын да көріп жүрміз. Адамның ЖСН-ін, телефон нөмірін білу арқылы микрокредитті кез келген адамға іліп қоюға болады. Өтініш білдірушінің жеке басын және кімге несие берілетінін ешкім тексермейді", - дейді "Nur Otan" партиясы жанындағы құқықтық кеңес төрағасы Қанат Мусин.

А. Мүтәлі

Еске салсақ, бұған дейін біз елімізде тәулігіне коронавирус пен пневмониядан қаза тапқандардың саны өскенін жазған едік.

Одан бөлек, Қазақстанда тамыз айынан бері коронавирустың ең жоғары өсімі тіркелгенін жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1883505-karantin-otandyk-ksipkerlerge-kalaj-ser-etti/