RU

ОҚО-дан мемлекет берген үйге көшіп келген жұрт қыс келмей жатып тоңып жүр

Үй тұрғындарының бірі
Скриншот: "Астана" телеарнасы

Оңтүстіктен солтүстікке "Еңбек" бағдарламасымен көшіп келгендер қыс келмей жатып тоңып отыр. Айтуларынша берілген су жаңа үйлердің сапасы жоқ деп хабарлайды "Астана" арнасы.

Отбасымен бірге Түркістаннан теріскейге осыдан үш ай бұрын қоныс аударған Алмас Өтеген "Еңбек" бағдарламасы аясында грант алып, кәсібін дөңгелетуді көздепті.

Жас отбасыға Астраханка ауылында жаңа үй бұйырған. Үйіне ай сайын небәрі 5 жарым мың теңгенің шамасында төлеп жүрген ол қара суық келгелі берекесі қашқанын айтуда. Тұрғынның сөзіне сенсек, үйде пешті үздіксіз жақпаса, жылыну мүмкін емес.

"Пеш жаққан кезінде 10 градустан әрі көтеріледі. Бірақ өшсе болды, бірден суып кетеді. Утепленка жоқ. Ішінде, сыртында, төбеде де, астында да. Бізді алып келіп, қойып қойды. Біз енді еңбек етеміз бе, әлде осы тамды саламыз ба?", - деп күйінді ол.

Алмастың көршісі Нұрлан Ибраимовтың да жергілікті билікке өкпесі қара қазандай. Былтыр көшіп келген ол су жаңа баспананың жыртығын жамаудан шаршағанын айтуда.

"Көмір кеше бес шелек түнгі екіге дейін жақтым. Мұндай жағыспен үйдің іші монша болу керек. Жылудың бәрі ауаға кетіп жатыр. 12 куб ағаш алдым, бес тонна көмірге расчет жасадым. Бірақ бұл жағыспен жарты қысқа жете алмаймын мен", - дейді ол.

Аққайың ауданында былтыр 32 үй салынған екен. Жергілікті билік биыл олардың онында кемшіліктер шыққанын растап отыр.

"Тұрғындардың су және кәріз жүйелеріне қатысты мәселелері туындады. Оларды шештік. Жаңа пеш орнаттық. Бұл үйлерге мердігер әлі де жауапты. Ертең құрылысшылар келіп, жағдайды бағалайды. Егер тағы олқылықтар табылса, оларды міндетті түрде жояды", - дейді СҚО Аққайың ауданы әкімінің орынбасары Самат Сәрсенбаев.

Тұрғындар жергілікті шенеуніктердің берген уәдені орындауынан еш нәтиже шықпаса, кері қайтуға бекініп отыр.

Айта кетсек, "Еңбек" бағдарламасы 2011-ші жылы Жұмыспен қамтудың жол картасы ретінде іске қосылған. Бағдарлама аясында биыл қоныс аударғандар саны екі есеге азайған.

А. Құрманкин

Еске салсақ, бұған дейін біз Алматы маңындағы ауылдың оқушылары далада оқуға мәжбүр болып отырғанын жазған едік.

Одан бөлек, елімізде ешкім ештеңе ұрламайтын жалғыз ауыл туралы жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1883533-oko-dan-memleket-bergen-jge-ksip-kelgen-zrt-kys-kelmej-zatyp-toyp-zr/