RU

"Әйелімнің артынан өлгім келді": Есірткіге тәуелді болған ақтөбелік азамат өкінішін айтты

есірткіге тәуелді
Фото: NUR.KZ

Ақтөбе облысы Қарғалы аудандық пробация есебінде тұрған 36 жастағы ер адам ауыр тағдыры туралы баяндады. Айтуынша, аяқ-қолы сап-сау апталдай азамат әйелінің қазасынан кейін күйзеліске түскен. Қазір қарт анасының зейнетақысына қарап қалған ол кезінде слесарь мамандығын меңгеріп, жөндеу жұмыстарымен айналысқанын айтты деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Жеті жыл бұрын ауыр дерттен жұбайы қаза болған соң ер адам ішімдікке салынып кеткен.

"Екінші рет үйленуді ойлаған жоқпын. Әйелімнің қазасы мен үшін ауыр соққы болды. Оның артынан өмірден өтуді ойладым. Ішімдіктен жұбаныш таптым. Жұмыс жайына қалды",- дейді ол.

Кейін ішімдік алуға ақшасы таусылып, көрші үйдің қаз-үйректерін ұрлап, араққа ауыстырған. Үстінен арызданған көршілеріне анасы ұрланған қаз-үйректердің ақшасын төлеп, сотты болудан құтқарып қалады.

Бірақ бұл жағдайдан кейін де ер адам еңсесін көтеріп, қатарға қосылуды ойламаған. Бөтелкелестері арасындағы есірткіге тәуелді достары оны шөп тартуға үйретеді.

"Таныстарым "ішімдік ішкенше, шөп тарт. Керемет күй кешесің. Барлық проблема ұмытылады, жан дүниең рахаттанады" деді. Менде ол кезде оны жақсы не​ жаман деп ойлайтын қабілет болған жоқ.​ Пайдаландым. Олар екі айға жуық уақыт есірткімен тегін қамтамасыз етіп отырды. Осы уақыт ішінде тәуелді болдым.

Кейін темір жолдың бойында өсіп тұрған анаша тектес өсімдікті байқап, үйге қазып әкеліп, балконға ектім.​ Кейін осы әрекетім үшін сотты болдым. Өкінемін.

Мен үшін қайғыдан қартайып кеткен анамның жүзін енді байқадым. Әйелімнің көзіндей болып өсіп келе жатқан қызым бар. Мен солар үшін түзелуім керек. Уақытты кері қайтара алмаймын. Бірақ ендігі кезде жақындарым ренжімесе деймін.

Заң алдындағы жазамды өтеп, қатарға қосыла алатынымды дәлелдегім келеді. Менің өмірім басқаларға сабақ болсын. Қиындық ішімдікке салыну немесе есірткі пайдаланумен шешілмейді екен",- деп ағынан жарылды ол.

36 жастағы ер адамның есірткі пайдаланып, оны үйінде сақтағаны сотпен дәлелденген. Қарғалы аудандық соты оған анаша шекені және сақтағаны үшін 80 сағатқа қоғамдық жұмысқа тарту туралы шешім шығарды.

"Бұл азамат жұмыссыз болғандықтан, қоғамдық жұмысқа күніге 8 сағатқа шығады. Үш күннен бері дала жұмыстарын орындап жүр. Сот шешімін орындамай, міндеттелген 80 сағаттық дала жұмысын жасамаса құжаты қайта сотқа жолданады. Ондай кезде сот шешіміне сәйкес жазасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылады", - дейді Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық- атқару жүйесі департаментінің баспасөз хатшысы Гүлфайруз Төремұратова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1883552-jelimni-artynan-lgim-keldi-esirtkige-tueldi-bolgan-aktbelik-zigit-kinisin-ajtty/