RU

Қазақстандықтарды қараша айында не күтіп тұр: Белгілі астролог болжам жасады

Фото
Көрнекі фото: NUR.KZ

Белгілі астролог Ирина Әбдірайымова қараша айына болжам жасады деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Оның сөзінше, қарашада әлеуметтік белсенділік күшейіп, әлем елдерінде тұмау желеуімен жаңа шектеулер енгізілуі мүмкін. Бұл экономикалық жағдайдың нашарлауына, биліктің күшеюіне әкеп соғады, дейді маман.

Сонымен қатар, астролог басқа валюталардың долларға шаққандағы бағамы өсіп, қор нарығында индекстер төмендеуі мүмкін екенін жеткізді.

Сондықтан айдың басында, оның болжауынша, Жер планетасына пессимизм энергиясы ықпал етіп, енжарлық басады.

Жалпы, Ирина Әбдірайымованың сөзінше, қараша айы сенімсіздік, ақпараттың кешігуі немесе жоқтығы, қолда бар мәліметке сенбеу, байланыстағы ақаулар, шаршаңқылық, әңгімелесуден қашу, өзімшілдік, жаман көңіл-күй алып келеді.  

Бұл уақыт аралығында ақыл-ой жұмысымен айналысу көпшілігіне қиынға соғады деп отыр. Десе де, маман мұның бәрі ұзаққа созылмайтынын атап өтті.

Маман 8 қарашадан бастап адамдардың ізденімпаздығы, бір нәрсені білуге деген құмарлығы, ақиқатқа көз жеткізуге құлшынысы біртіндеп оянатынын сөз етті. Бірақ ақпаратқа сенбеушілік айдың соңына дейін сақталады, дейді ол.

"Бұл кезеңде белсенділік, атаққұмарлық пен билікқұмарлық артады. Қарашаның ортасы саяси аренада да, жеке өмірде де оқиғаларға толы. Әсіресе, 6 қарашадан 16 қарашаға дейінгі уақыт философиялық сұрақтарға жауап іздейтін кезең. Көпшілігі бұл уақытта рухани өсіп, өмірге көзқарасын өзгертеді", - деді Ирина Әбдірайымова.

Оның сөзінше, бұл аспектінің әсерін, әсіресе, айдың 13-і мен 18-і аралығында туған Тауешкі, Тоқты, Таразы, Шаян, Бикеш, Сарышаян, Балықтар мен Торпақтар өте қатты сезінеді екен.

Әбдірайымова осы айда физикалық, рухани және эмоционалды күшті көп жұмсайтын адамдардың денсаулығы сыр беруі мүмкін екенін ескертті. Алайда, Бикеш, Сарышаян, Балықтар мен Торпақтар үшін бұл айтарлықтай қолайлы кезең.

Сонымен қатар, астролог 11 мен 17 қараша аралығында жоспарланбаған шығындар өсетінін тілге тиек етті.

Мәселен, бизнеспен айналысатындар үшін шикізат немесе тауар бағасы, тасымалдау құны көтерілуі ықтимал.

"Ақшаның кеш түсіп қалуы ғажап емес. Сол себепті бұл кезеңде ақшаны оңды-солды шашпай, инвестиция салмаған абзал", - деп кеңес берді астролог.

Одан бөлек, Әбдірайымованың айтуынша, күздің үшінші айы – сары уайымның, төзімсіздік пен өкпе-наз уақыты.

"Сезімталдық, сексуалдық белсенділік, қызғаныш күшейеді. Адамдардың шыдамы таусылады. Өзін ренжіткен адамның жазаланғанын қалайды. Өз проблемасын жақындарына, достары мен әріптесіне айтып, олардан көмек күтеді. Алайда, бұның пайдасы аз болуы мүмкін", - дейді ол.

18 мен 19 қараша  – сенімсіздік, жаман көңіл-күй, күйзеліс уақыты. Серігіңізбен қарым-қатынасқа бей-жай қарап, сүйіктіңіздің көңілі мен махаббатына зәру болуыңыз мүмкін.

Маманның болжауынша, 26–27 қарашада мұның бәрі қарым-қатынастың үзілуіне әкеп соғады.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін қараша айынан бастап Қазақстанда не өзгеретінін жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1883575-kazakstandyktardy-karasa-ajynda-ne-ktip-tr-belgili-astrolog-bolzam-zasady/