Асхат Садырбай: Кейбір әкімдер сыннан қорқып, науқастар санын азайтқан
Опубликовано:

Отандық танымал журналист Асхат Садырбай карантинге немқұрайлы қарап жүрген отандастарына шүйлікті. Ақпарат өкілінің сөзінше, қазіргі уақытта санитарлық талаптарды сақтанып жүрген адамдар өте аз. Ол вирустан қорғануды қойғандардың есіне көктем мен жаз айларындағы сұмдық жағдайларды салды деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Асхат Садырбай Instagram парақшасында жазба жариялап, барша қазақстандықтарды каратин талаптарын ұстануға шақырды. Ол көктем мен жаз айларындағы жағдай қайталанса, өте қиын болатынын ескертті.
Оның үстіне, белгілі журналист өткен карантин уақытында орын алған келеңсіз жайттарды ақтарды. Оның айтуынша, коронавирустың алғашқы толқыны кезінде кейбір әкімдер сыннан қорыққандықтан, індетті жұқтырып алған науқастар санын азайтқан.
"Соңғы күндері көргенімді айтайын. Шымкентте, Түркістанда, Таразда, Алматыда жаппай санитарлық талаптарды сақтап жүрген адамдарды өте аз байқадым. Күн жылы. Көп адам маскасыз жүр. Кездесе қалғандардан сұрасаң жаздағыдай жаппай жұқтырып, ауырып жатқандарды естіп жатқан жоқпыз ғой дейді.
Бір танысыммен осы тақырыпта әңгімелесіп отырып көктемде, жазда болған сұмдықтарды еске түсірдік. Кейбір әкімдер статистиканың саны мен сынынан қорқып ауырған адамдардың санын азайтып айтты ғой.
Сол кезде шетелден келіп оқшауланудан қашқандар қаншама?! Қанша адамның өмірін жалмаған вирустың құпиясы әлі ашылған жоқ. Әйтпесе 1-2 күнде қайдағы өкпенің қабынуы (пневмония)?!
Көп қалаларда карантин көктемнен бері үзілген жоқ. Осы уақыт аралығында әкімшіліктер, денсаулық сақтау министрлігі, басқармалары т.б. карантин шараларын ұйымдастырып үлгерген шығар деген үміттемін. Келесі толқын немесе соққы дейміз бе, болмай ақ қойсыншы. Бола қалған жағдайда жаздағы қателік қайталанбаса екен деп тілеймін. Ал, енді бәріміз тағы 2-3 ай үйде оқшауланатын болсақ, жағдайымыздың не болатынын болжау қиын" , - деп жазды ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1883690-ashat-sadyrbaj-kejbir-kimder-synnan-korkyp-naukastar-sanyn-azajtkan/