RU

COVID-19 бойынша Қазақстанның қай өңірлері "қызыл" және "сары" аймаққа енді

Көшеде адамдар келе жатыр
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Асқар Мамин Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның селекторлық отырысын өткізді деп хабарлайды премьер-министрдің ресми сайты.

Хабарламада ерте вакцинациялау, жаппай маска тағу режимін және ара қашықтықты сақтау шараларының арқасында биыл күзде пневмониямен және ЖРВИ-мен сырқаттанушылықтың төмен динамикасы байқалып отырғаны айтылды.

Мысалы, тек қазан айында осы жылдың қыркүйек айымен салыстырғанда, пневмониямен ауырғандар саны 26%-ға, 24,8 мыңнан 18,3 мыңға дейін азайған. Ал жіті респираторлық вирустық инфекциямен ауырғандар 7,6%-ға, 286,8 мыңнан 265,3 мың адамға дейін азайған.

Өткен жылмен салыстырғанда ЖРВИ-мен ауыру 1,7 есе ( 2019 жылы қазанда 441,2 мың, биыл қазанда 265,3 мың) төмендеген. 

Сонымен қатар барлық өңірде COVID-19-бен ауыру жағдайларының артқаны байқалып отыр.

Мәселен Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары — "қызыл аймақта", Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары — сары аймақта.

Жалпы вирустың репродуктивтік индексі республика бойынша – 1,2, инфекциялық төсек орындарының толтырылуы 21%, реанимациялық төсек орындарының жүктемелігі 17% құрап отыр.

Премьер-Министр қызыл және сары аймақтардағы өңірлердің әкімдеріне жағдайды тұрақтандыру бойынша қосымша шаралар қабылдап, мәселені ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.

Сондай-ақ денсаулық сақтау министрлігіне:

Барлық медициналық қызметтердің орталық және өңірлік деңгейде сырқаттанушылықтың ықтимал өсу жағдайына толық дайындығын қамтамасыз ету;

Халықпен шектеу шараларын сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын тұрақты негізде жүргізу;

Шекара қызметімен, өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, шетелдіктерге Қазақстанға кіру үшін берілетін денсаулық сақтау ұйымдарының шақыру құжаттарына бақылауды күшейту;

Әділет министрлігімен, әкімдіктермен бірлесіп, Қазақстан аумағында емделу үшін шетел азаматтарына шақыру беруге уәкілетті, өңірлердегі денсаулық сақтау ұйымдарының тізбесін айқындау тапсырылды.

Ішкі істер министрлігіне халық пен бизнес субъектілерінің шектеу және карантин шараларын сақтауын бақылау жөніндегі мониторингтік топтардың жұмысын күшейту тапсырылды (биылғы 17 тамыздан бастап елімізде 41 мың рейдтік тексеру жүргізілді, 8,7 мың карантинді бұзу фактісі анықталды).

Айта кетейік, елімізде өткен тәулікте 610 адамнан коронавирус анықталғаны белгілі болды.

Ал әлемде COVID-19 расталғандар саны 50 миллионнан асқан, 1 255 250 адам қайтыс болған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1883747-covid-19-bojynsa-kazakstanny-kaj-irleri-kyzyl-zne-sary-ajmakka-endi/