Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жапонияда тақ мұрагерін ұлықтау салтанаты өтті (фото)

Опубликовано:

Ханзада Акисино
Фото: Carl Court/Getty Images

Жапонияда ханзада Акисиноны тақ мұрагері деп жариялау салтанаты өтті деп хабарлайды ТАСС ақпараттық агенттігі.

Бұл "Риккоси но рэй" деп аталатын іс-шаралар сериясындағы алғашқы рәсім, ол император сарайының залында өтті. Оған 54 жастағы ханзада Акисино қатысты, ханзада рәсімге дәстүрлі киіммен келген.

Шара сәуір айында өтуі тиіс еді. Бірақ коронавирусқа байланысты кейінге шегерілген.

Салтанатты рәсім шамамен 15 минутқа созылды. Шара Жапонияның жаңа императоры Нарухитоның сөздерінен басталды.

"Мен ханзада Акисиноны мұрагер ханзада етіп жариялаймын", – деді ол.
Ханзада Акисино
Фото: Kyodo News via Getty Images

Жапония премьер-министрі Ёсихидэ Суга үкімет атынан тақтың жаңа мұрагерін құттықтады.

Ол халыққа, әсіресе табиғи апаттардан зардап шеккен тұрғындарға моральдық қолдау көрсетудегі империялық отбасының маңызды рөлін еске салды.

Жапонияда императорлық отбасы мүшелері елдің осындай аудандарына үнемі барып, жергілікті тұрғындармен кездесіп тұрады.

"Риккоси но рэй" кезіндегі екінші рәсім түстен кейін өтеді. Онда Акисино императордан оның мұрагер мәртебесін растайтын "Цубокири" қылышын алады.

Тақ мұрагеріне арналған салтанатты банкет болмайды, ханзада мен ханшайым Акисиноның Миэ префектурасындағы Исэ ғибадатханасына зиярат етуі эпидемияға байланысты белгісіз уақытқа шегерілді.

Хабар24-тің хабарлауынша, Жапонияда дәстүр бойынша таққа тек ер адамдар отыра алады. Сондықтан император Нарухитоның ұлы болмағандықтан, тақ мұрагерлігі 54 жастағы бауыры Акисиноға көшкен.

Еске салсақ, жапон ғалымдары бетперде тағу коронавирустан ең тиімді қорғаныстардың бірі екенін тағы да дәлелдеді. Олар адамның медициналық масканы қолданбайтындығын ескере отырып, сөйлескенде, ән айтқан кезде және жөтелгенде вирустың қалай таралатынын көрсетті.

Оған қоса, бүкіләлемдік каратэ федерациясы (WKF) Токио Олимпиадасында қазылық жасайтын үміткерлердің тізімін жасады. Ресми түрде ұсынылған 14 төрешінің қатарында Қазақстан каратэ федерациясының өкілі Асқар Молдағали да бар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/1883750-zaponiada-tak-mragerin-lyktau-saltanaty-tti/

pixel