RU

"Үлкен құрмет": Біртанов өзіне қолдау білдірген қазақстандықтарға алғыс айтты

Елжан Біртанов
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Елжан Біртановтың адвокаты Дмитрий Куряченко клиентінің қазіргі халі туралы айтып берді. Ол экс-министрдің халыққа айтқан алғысын да жеткізді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Куряченко NUR.KZ тілшісіне Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшысы Елжан Біртановтың жағдайы қанағаттанарлық екенін хабарлады.

"Оны қорғау үшін заңмен тыйым салынбаған барлық әдістер мен қорғаныс құралдарын қолдану жоспарлануда", - деді ол.

Сонымен қатар Біртановтың адвокаты zakon.kz сайтына экс-министрдің қазақстандықтарға қолдау білдіргені үшін алғыс айтқанын мәлімдеген.

"Менің қорғауымдағы Елжан Біртанов Қазақстандағы әріптестеріне, қоғам белсенділеріне, блогерлер мен журналистерге және осындай қиын кезеңде қолдау білдірген барлық азаматқа шын жүректен алғыс айтады. Бұл ол үшін үлкен құрмет", - деді Куряченко.

Айта кетейік, бұған дейін Дмитрий Куряченко келтірілген күдіктің негізсіз екенін, Елжан Біртановтың ешқандай кінәсі жоқ екенін мәлімдеген еді.

Естеріңізге сала кетейік, қазан айының соңында денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшысы Елжан Біртановтың ірі көлемде қаражат жымқырды деген күдікпен ұсталғаны туралы ақпарат пайда болған еді.

Кейін Қаржы министрлігінің Қаржылық мониторинг жөніндегі комитеті экс-министрдің қамауға алынғанын растады. Оның бюджеттік қаражатты аса ірі көлемде жымқырды деген күдікке ілінгені белгілі болды.

Жақында белгілі қазақстандық дәрігерлер, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері әлеуметтік желілерде Елжан Біртановты қолдау акциясын бастап кеткен болатын. Олар экс-министрдің кінәлі екеніне сенбейтіндерін алға тартып, ойларын ортаға салған.

Одан бөлек, әлеуметтік желіде бұрынғы денсаулық сақтау министріне бұлтартпау шарасын өзгеріссіз қалдыру туралы онлайн петиция пайда болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1883763-lken-krmet-eks-ministr-elzan-birtanov-kazakstandyktarga-algys-bildirdi/