RU

Тараздық кәсіпкерлер 50 адамға дейін той жасауға рұқсат беруді талап етіп отыр

той-банкет1
көрнекі фото: pixabay.com

Таразда кәсіпкерлер заңсыз тексеріске ұшырадық деп шағымданып отыр деп хабарлайды "Хабар 24".

Мейрамхана қожайындарының айтуынша, оларды пандемия желеуімен екінің бірі тексеріп, мазаларын алатын болған.

Меруерт Лештаева қорлықты әкімдік жанынан құрылған медиа-топ, полиция, төтенше жағдайлар қызметінен жеке-жеке келіп телефонға түсіріп, қысым көрсететіндерден көрдім деп отыр.

Ал заңды мониторингтік топ осы уақытқа дейін бірде-бір рет тексеріп-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге келмепті. Шыдамы таусылған кәсіпкерлер бүгін "Ақжол" партиясының Жамбыл облыстық филиалына шағымданып барған.

Олар үкіметтен арнайы жұмыс алгоритмін бекітіп, 50 адамға дейін той жасауға рұқсат беруді талап етуде.

Партия өкілдері бұл мәселені мәжіліс отырысында көтеріп, ұкіметке сауал жолдамақ.

"Санитарлық нормамен рұқсат берсін деп отырмыз. Шектеу шарттарын қайта қарап шығарсын. Мысалы, қазір кинотеатрлар мен мешіттерге 100 адамға дейінгі ауқымда рұқсат берді. Сол сияқты бізге де рұқсат берсе екен дейміз. Біз заңсыз тексеруге ұшырап отырмыз. Бізді қорқытып, қоқан-лоқы көрсетеді", - дейді кәсіпкер Меруерт Лештаева.

Айта кетейік, бұған дейін қоғамдық бақылау тобы Таразда карантинге қарамастан жасырын той жасайтындар тыйылмай тұрғанын айтқан еді.

Сонымен қатар Таразда карантин талаптарын бұзған кәсіпкерлерге 10 миллион теңгеге жуық айыппұл салынғаны хабарланған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1883779-tarazdyk-ksipkerler-50-adamga-dejin-toj-zasauga-rksat-berudi-talap-etip-otyr/