RU

Румынияда жаңа шектеулер енгізілді

ПТР тестілеу
Көрнекі фото: Nicolas Economou/NurPhoto via Getty Images

Румыния билігі карантин тәртібін күшейтті деп хабарлайды "Хабар 24".

Бүгіннен бастап ел аумағында коменданттық сағат жарияланды. Сағат кешкі 23:00-ден таңғы 05:00-ге дейін үйден шығуға болмайды. Сондай-ақ бетперде кию міндеттеліп, мектептер қашықтан оқытатын болды.

Соңғы апталарда Румынияда коронавирус анықталған науқастар саны көбейіп барады. Жалпы індет басталғалы елде 300 мыңнан астам адам дерт жұқтырып, 8 мыңы қайтыс болған.

Еске салсақ, Грекияда COVID-19-дың таралуына байланысты жергілікті билік аймақта жалпы ұлттық локдаун жариялады. Бұл туралы елдің премьер-министрі хабарлаған болатын. Жаңа шектеу шаралары қарашаның соңына дейін жалғасады.

Сонымен қатар, кәрі құрлықта індет кеңінен таралған елдің бірі Ұлыбританияда бүгіннен бастап карантин енгізіледі. Шектеу шаралары желтоқсан айына дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында тұрғындардың үйлерін негізгі тастап шығуына тыйым салынады.

Сондай-ақ, Польшада коронавирусты жұқтырғандардың саны артуына байланысты жаңа шектеулер енгізіледі. Шара алдағы сенбіден бастап күшіне енеді. Оған сәйкес елде барлық кинотеатр мен театрлар, мұражай, қоғамдық және музыкалық орталықтар жабылады. Ал қарашаның 9-ынан барлық сынып оқушылары қайта қашықтан оқу жүйесіне көшеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1883798-rumyniada-zaa-sekteuler-engizildi/