Жүздеген көлік қазақ-өзбек шекарасында кептеліп тұр

Опубликовано:

Жүк көлігі
Көрнекі фото: pixabay.com

Түркістан облысындағы Қазығұрт шекара бекетінде жүздеген көлік ары-бері өте алмай тұр деп хабарлайды КТК арнасы.

Куәгерлердің бірі Майский кеденінде 200-дей көліктің тұрғанын айтады.

Телеарнаның мәліметінше, қазақ-өзбек шекарасында бірнеше күннен бері кептеліп тұрған көліктердің дені азық-түлік пен тез бұзылатын тауар тиегендер. Енді сол тонналаған заттары ақыры бүліне бастапты.

Одан бөлек, жанармай мен автотұраққа да қып-қызыл ақша кетіп жатқанына күйінгендер Өзбекстанға тезірек өткізуін сұрап отыр.

Ал Мемлекеттік кірістер департаменті шекарада шешілмеген мәселе барын жасырмады. Десе де, кептеліс жүргізушілер айтқандай бірнеше күн емес, тек 9 қарашада таңертең басталғанын алға тартуда.

"Ауа-райының қолайсыз болуына байланысты электр қуаты өшіп, тұрақсыз берілгеніне байланысты жүк көлік құралдарының салмақтық және габариттік параметрлерін өлшейтін таразы істен шықты. Жиналған жүк құралдары қазіргі уақытта 70-80 автокөлік. Олар кеден бекетінің автотұрағына орналастырылған", - дейді Түркістан облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз хатшысы Баян Тұлғабаева.

Дереккөз КТК арнасы

Еске салсақ, бұған дейін мыңдаған қытайлық карантиннен кейін ашылған тауға ағылып, кептеліп қалғанын жазған болатынбыз.

Одан бөлек, Түркістан облысы Сарыағаш ауданында екі мыңға жуық өзбек пен тәжік мигранттары карантинге байланысты жабылған шекарадан өте алмай қалғанын жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1883813-zzdegen-klik-kazak-zbek-sekarasynda-keptelip-tr/