RU

Төрт жыл өткен соң: Күйеуінен қорлық көрген келіншектің өмірі қалай өзгерді (фото)

Гүлмира Қабышева
Фото: instagram.com/chocka86

Күйеуінен оңбай таяқ жеп, сау тамтығы қалмаған Гүлмира Қабышева есімді келіншек 2016 жылы күзде әлеуметтік желіде көрген қорлығын жария ету арқылы көпшіліктің есінде қалды. Оны танымал еткен фотосуреттері ғаламторды әлі кезіп жүр. Ал бүгінде ол адам танымастай өзгеріп кеткен. Гүлмира балаларымен біргеТүркияға қоныс аударып, табысты қызмет етуде деп жазады KAZ.NUR.KZ порталының тілшісі.

Гүлмира Қабышева өткен өмірін қорқынышты түс көргендей есіне алады.

"Мен басымнан кешкен оқиғалардың бәрін тұла бойыммен сезініп, өткен өмірімнің есігін жаптым десем болады. 2016 жылғы 30 сәуірден 1 мамырға қараған түні өмірімде болған жайтты санаммен қабылдадым. Сол жағдай қазіргі күніме жеткізіп отыр. Бәлкім сол қорқынышты түн болмаса, өмірімді осылай өзгертпес те едім. Көрген қорлығым маған қатты әсер етті.

Гүлмира Қабышева өткені мен бүгіні
Фотоколлаж: NUR.KZ

Мен ойландым. Мен не істеп жүрмін? Нені қалаймын? Қалай өмір сүріп жатырмын? Кім үшін? деген сұрақтарды өз-өзіме қойдым. Шындығына келгенде мен сол кезде басқалар үшін өмір сүрген екенмін. Күйеуім үшін, балаларым үшін, ата-анам үшін өмір сүріппін. Бір кезде мен жеке басыма күш-қуатым жетіспей қалғанын ұқтым. Әр нәрсенің қайыры бар екен. Сол түн менің өмірімді 180 градусқа өзгертті", - дейді ол KAZ.NUR.KZ тілшісіне.

Келіншек күйеуінен көрген қорлықты ұмыту мүмкін еместігін айтады.

"Сол түнді өмірімде ұмыта алмайтын шығармын. Өйткені ол маған басыма жай түскендей әсер етті. Сөйтіп мен үшін бәрін реттеп берген түн болды. Маған керегі де сол еді, өзімді қаншалықты жақсы көрмейтінімді байқатты. Өмірімде нені өзгертуім тиіс екенін түсінуге көмектесті. Ондай нәрсені ұмытуға болмайды. Мен бұл туралы есіме аламын ба? Жоқ. Өйткені мен одан сабақ алдым. Қазір мені көрген адам төрт жыл бұрын сондай қорлық көрді деп айта алмайды", - дейді Гүльмира Қабышева.

Ол өз-өзін қолға алып, жаңа өмірді қалай бастағанын әңгімелеп берді.

"Мен жаңа өмірді күйеуімнен үшінші рет қашқанда бастадым десем болады. 2016 жылы 9 қыркүйекте маған жан құрбым хабарлама жіберді. "Егер сен дәл қазір өз-өзіңді қолға алмасаң, маған сені жерлеуге тура келеді"! Бұл - менің санамды селт еткізген сөздер болды. Осыдан бастап мен басқаша ойлауға машықтана бастадым.

Қарағандыға көшу туралы шешімім де дұрыс болған сияқты. Себебі 2016 жылы мен достарымның қолдауымен бизнес тренингке қатыстым. Психологиялық тренингтен өттім. Гипноздық сеанс арқылы санадағыбарлық қорқыныштан арылдым. Сол кезеңде жолымда маған кезіккен жандар депрессияны жеңуіме қол ұшын берді.

Алматыда да біраз уақыт тұрып көрдім. Жеке кәсібім - дөнерханам болды. Егер бірнәрсемен айналыссаң, өткеніңді қазбалап ойлануға уақытың болмайды. Мен өткеніммен біржола қоштастым. Өзіме негатив туралы ойламауға серт бердім. Мен санамды өзгерте бастадым", - дейді Гүлмира.

Келіншек өзіне бұрынғы күйеуінің әлі күнге тыным бермей жүргенін тілге тиек етті. Оның сөзінше балалардың әкесі оларға жеке куәлік алуға кедергі болып отыр.

"Қазір біз Түркияда тұрып жатырмыз. Бұрынғы күйеуім балаларымызға Түркияда тұруға рұқсатын бермей отыр. Сол себепті балалардың білім алуында біраз қиындықтар бар. Ұл-қыздарым Түркия мектебінде қонақ есебінде білім алып жүр. Бірақ олардың Түркияда тұрғысы келетінін әкесі біледі", - дейді Гүлмира.

Гүлмира Қабышева Түркияның Аланья қаласына көшіп келуді осыдан үш жыл бұрын сол жаққа қыдырып барғанда армандапты.

Айтуынша, Қазақстандағы жеке кәсібінен түскен пайда көңілін көншітпеген соң, серіктестерімен шартты бұзуға тура келген. Қазір ол түркиялық құрылыс компаниясында жылжымайтын мүлік сатумен айналысады.

Оған бұл жұмысты жақын таныстары ұсынған. Гүлмира Түркияда әрі қарай қалып жұмыс істеуді жоспарлайды. Ол қазіргі таңда өз сүйікті ісін тапқан бақытты әйел. Ол YouTube-те Түркиядағы өмірі туралы влог жүргізеді.

Еске сала кетсек, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың азабын тартып келген Гүлмира Қабышеваның бастан кешкен оқиғасын осыдан төрт жыл бұрын жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1883832-trt-zyl-tken-so-kjeuinen-korlyk-krgen-kelinsekti-miri-kalaj-zgerdi-foto/