RU

65-тен асқан алматылықтарға көшеге шығуға тыйым салынды

Коронавирус
Көрнекі фото: pixabay.com

Жасы 65-тен асқан Алматы тұрғындарына аса қажеттілік болмаса үйлерінен шығуға тыйым салынады. Мұндай шектеу қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшиннің Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ресми сайтында жарияланған жаңа қаулысында пайда болды.

Қаулыға сәйкес, "Медеу" мен "Шымбұлақ" тесттік режимде жұмыс істеп көрмек.

Яғни 2020 жылдың 19 қарашасынан бастап 30 қарашасына дейін "Медеу" спорт-сауықтыру орталығының мұз айдынына келушілер саны бір мезетте 500 адамнан аспаған жағдайда және 2020 жылдың 16 қарашасынан бастап 30 қарашасына дейін "Шымбұлақ" тау-шаңғы курортына келушілердің көрсеткіші 30 пайыздан аспайтын жағдайда аталмыш орындардың жұмыс істеуіне рұқсат беріліп отыр.

10 қарашадан бастап залдың толуы 50%-дан және келушілердің саны 100 адамнан аспаған жағдайда театрлардың жұмысына рұқсат етіледі.

9 қараша күні күшіне енген құжаттың толық мәтінімен сілтеме арқылы таныса аласыз.

Еске салсақ, елімізде өткен тәулікте 564 адамнан коронавирус анықталғаны белгілі болды. Олардың 24-і Алматы қаласынан.

Сонымен қатар ел аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында барлық өңірде коронавируспен ауыру жағдайларының артқаны белгілі болды.

Мәселен Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары — қызыл аймақта, Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары — сары аймаққа енген.

Жалпы вирустың репродуктивтік индексі республика бойынша – 1,2, инфекциялық төсек орындарының толтырылуы 21%, реанимациялық төсек орындарының жүктемелігі 17% құрап отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1883887-65-ten-askan-almatylyktarga-ksege-syguga-tyjym-salynbak/