Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"От салатын енелер көп": Психолог маман ата-енеден қорлық көретін әйелдер туралы айтты

Опубликовано:

әйел
Көрнекі фото: pexels.com

Алматыдағы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған "Жан-Сая" дағдарыс орталығына күн сайын келушілер қатары көп. Мұнда күйеуінен, ата-енесінен қысым көрген келіншектер мен балаларынан зәбір көрген қариялар жиі бас сұғады. Орталықта психолог міндетін атқаратын Маржан Талғатқызының айтуынша, көмек сұрап келетін әйелдердің барлығы өз "мендерін" жоғалтып алған және жарақат салдарынан айықпаған. KAZ.NUR.KZ зорлыққа ұшыраған әйелдердің тағдыры туралы психологтың пікірін сұраған болатын.

"Дағдарыс орталығына келетін әйелдердің басты проблемасы – отбасы, ошақ қасындағы мәселелер. Өкінішке қарай, мұндай проблеманың өршіп кетуінен нәзік жандылар зорлық-зомбылыққа жиі ұшырайды. Бізге келетін әйелдердің барлығы дерлік күйеулерінен қорлық көрген. Ер адамдар ішімдік ішкен күйінде де, сау кезінде де әйелдерге физикалық және моральдық тұрғыдан зәбір көрсетеді. Сондай-ақ, келініне күн көрсетпейтін ата-енелер де көп кездеседі. Жанұяның шырқын бұзып, баласы мен келінінің арасына от салатын ата-енелердің салдарынан бізге келетін әйелдер қаншама?!", - дейді психолог.

Маманның айтуынша, орталыққа келетін әйелдер басынан өткен ауыр жағдайлардан көпке дейін айыға алмайды.

"Шынын айту керек, зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер өздерін әбден мүжіп, төмендетіп тастаған. Олар көп ешкімге қарсы келе алмайды. Күйеулерінен зәресі ұшады, ұрыс-керіс пен жұдырықтан әбден қорқып қалған. Соның кесірінен оларда өзін-өзі кемсітушілік, түрлі комплекстер, жарақаттар пайда болады. Біз мейілінше олармен жұмыс істеп, қалыпты өмірге әкелуге тырысамыз. Ең өкініштісі – әйел ғана емес, бала да бұдан қатты зардап шегеді", - дейді Маржан Талғатқызы.

Мәселен, жақында орталыққа анасымен бірге келген төрт жасар қыздың оқиғасы Маржанды әбден ойландырған.

"Бізге келетін әйелдердің оқиғасы әртүрлі. Әрине, түпнегіздегі бір болғанымен, әрқайсысы әрқилы қиындық көрген. Жақында анасына еріп келген төрт жасар қызбен жұмыс істедім. Ол алғашында мүлде сөйлеген жоқ. Әбден үркіп-қорқып қалған. Ретін тауып, оны әңгімеге тартқан соң ашыла бастады. Ол әкесінен өлердей қорқады. Балалар ойнап, шулайтын болса, әкелері олардың үнін шығармай, жұдырық жұмсайды екен. Тамаққа тоймай қалса да балаларынан өшін алатын ер адам сәбидің көңілін әбден қалдырған. Небары төрт жастағы қыздың әкесінен көрген қорлығы жанды ауыртады", - дейді ол.

Еске сала кетсек, осыған дейін Алматы облысында енесі келінін есінен танғанша аяусыз соққыға жыққанын жазған едік.

Сонымен қатар, Ақмола облысының тұрғыны 14 жастағы қызын көсеумен ұрып, иығын сындырған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1883894-ot-salatyn-eneler-kp-psiholog-maman-ata-eneden-korlyk-krip-zrgen-jelder-turaly-ajtty/

pixel