RU

"Ағатай, тимеші": Ақтөбеде тұрмыстағы келіншекті көшеде зорламақ болған

Марапаттау
Фото: NUR.KZ

Ақтөбе облысы полиция департаментінің басшысы Атығай Арыстанов бүгін қауіпті қылмыскерді қолға түсіруге көмектескен ұлттық ұлан қызметкері Андрей Петровты қабылдауына шақырды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Бас полицей тұрмыстағы әйел адамды көшеде шешіндіріп тастап, қорламақ болған қылмыскерді оқиға орнында ұстаған әскери қызметкер мен оқиға куәгерінің әрекетін көпке үлгі қылуға шақырды.

"Әйел адамды қорламақ болған ер адамның ойы жүзеге аспады. Қылмыскер оқиға орнында қолға түсті. Ауыр қылмыстың алдын алуға көмек көрсеткен "Батыс" өңірлік қолбасшылығына қарасты 66/55 әскери бөлімінің аға маманы Андрей Петров және куәгер Толғанай Лесбаеваның әрекеті көпке үлгі болуы керек. Сіздердің ата-аналарыңызға алғысым шексіз. Мен бұл кісілердің алдында басымды иемін. Қылмыстың алдын алу үшін полициямен бірге дереу әрекет ете алды. Андрей, сіз секілді азаматтар құқық қорғау қызметкерлерінің қатарында болу керек", – деді Ақтөбе облысы полиция департаментінің басшысы Атығай Арыстанов.

Марапаттау
Фото: NUR.KZ

Жантүршігерлік оқиға 2020 жылдың 15 маусым күні тіркелді. Қылмыскерге қатысты сот үкім шығарып, 5 жылға бас бостандығынан айырды.

Оқиға куәгері болған жайды әлі де ұмыта алмай жүргенін айтты. Жеке бас қауіпсіздігі үшін қазіргі уақытта тұрып жатқан пәтерін де өзгерткен.

"Ол оқиға түнгі сағат 1:30-дан кейін болды. Жаз мезгілі болғандықтан балконның есігі ашық тұрды. Жолдың арғы бетінен айқайлаған дыбыс қатты естілді. Алғашында ерлі-зайыптылардың арасындағы жанжал деп ойладым. Кейін "Ағатай, жіберші, ағатай тимеші" деп жанұшырып айқайлаған дыбыс анық естілді. Бірден жағдайды танысыма айттым. Дыбыс шығып жатқан жерге жүгіріп бардық. Жолдың арғы бетіндегі кішкентай талдың қасынан азғын көріністі көрдік. Әйел адамның киімінің астыңғы жағын толық шешіндіріп тастаған. Ер адамның өзі де жартылай шешінген. Қыз айқайлап жылап жатты. Жолдың бойы болғандықтан ол жерде машиналар да, адамдар да жүр. Бірақ ешкім көңіл бөлмеген секілді. Бірден полицияға хабар беріп, дәлел үшін видеоға түсірдім. Кейін 23 жастағы жәбірленушіні сот залында ғана көрдім. Сол күні дәріханадан келе жатыр екен. Тұрмыс құрған, бір баласы бар әйел", – дейді оқиға куәгері Толғанай Лесбаева.

Марапаттау
Фото: NUR.KZ

Қылмыскерді ұстауға көмектескен ұлттық ұлан қызметкері әскери салада алты жылға жуық еңбек етіп жүр. Мұғалжар ауданының тумасы. Өз әрекетін азаматтық борышым деп түсіндірді.

"Сол күні кешкі уақытта үйде теледидар қарап жатқанмын. Жеке үйлердің арасынан қатты дыбыс шықты. Айқай-шу бес минут шамасында тоқтаған жоқ. Кейін оның көмек сұраған дауыс екенін түсіндім. Ойланбастан дыбыс шыққан жаққа жүгірдім. Бұтаның арасында ер адам әйел адамға зорлық көрсеткелі жатты. Бірден қолын артына қайырып ұстадым. Ол жіберуімді сұрап "келісейік" деп жатты. Бес минуттың ішінде полиция келді", – дейді әскери қызметкер Андрей Петров.

Еске салсақ, Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданында мүгедек қызды зорлады деген күдікке ілінген азаматтың өлімі бойынша тергеу жұмыстары басталды. Полицейлер мәліметінше, марқұм тұрғын үйлердің бірінің балконынан секіріп кеткен.

Оған қоса, Шығыс Қазақстан облысында екі кішкентай баланы зорлады деп айыпталған азамат 16 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Дегенмен, кейінірек сот істі қайта қарап, сотталушы ақталып шыққан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1883958-agataj-timesi-aktbede-trmystagy-kelinsekti-ksede-zorlamak-bolgan/