RU

ШҚО-да дауылды жел үйлердің шатырын жұлып әкетті (видео)

Дауыл
Фото: sputnik.kz

Желіде дауылды жел Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданындағы ғимараттардың шатырын жұлып әкеткен сәттің видеосы тарады деп жазады Sputnik Қазақстан.

Куәгерлер түсірген кадрлардан қатты жел шаң мен заттарды ауаға қарай көтеріп, үйлердің шатырын жұлып әкетіп жатқанын байқауға болады.

Құтқарушылар қатты жел мен дауыл тұратыны туралы алдын ала ескерту жариялаған болатын. Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметі 9 қараша күні облыстың Уланск және Зайсан аудандарында қатты жел соғатынын алдын ала болжаған. Нәтижесінде дауылды желден Шығыс Қазақстанның екі бірдей аймағы зардап шекті.

Екпіні секундына 30 метрге жеткен желдің салдарынан бірнеше ғимараттың, оның ішінде тұрғын үйлердің, ауылдық емхананың, мектеп-интернаттың шатырлары жұлынып қалған.

Еске салсақ, бұған дейін біз синоптиктер 10-11 қараша күндері еліміздің 12 облысында дауылдық ескерту жариялағанын жазған болатынбыз.

Мамандардың мәліметінше, 10-11 қарашада елордада көктайғақ болып, екпіні секундына 15- 20 метрге дейін жел тұрады деп күтілуде.

Одан бөлек, синоптиктер 2020 жылдың қарашасынан 2021 жылдың наурызына дейінгі аралықта елімізде ауа райы қандай болатынын болжаған еді.

Мамандардың болжамынша, айдың бірінші жартысында еліміздің солтүстігінде, шығысында және орталығында салқын ауа райы болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1884004-sko-da-dauyldy-zel-jlerdi-satyryn-zlyp-ketti-video/