RU

Польшада қаза тапқан қазақстандық жасөспірімнің рухына құрмет көрсетілді

Шырақ
Көрнекі сурет: pixabay.com

Оқтан қаза тапқан 16 жастағы қазақстандық жасөспірімнің құрметіне Польша тұрғындары гүл шоқтарын қойып, шырақ жақты. Кісі өлтіру жағдайы жергілікті тұрғындардың ашуын туғызған. Ополе-Любельск қаласында белсенділер наразылық акциясын өткізді.

16 жастағы қазақстандық жасөспірім серуендеп жүрген кезінде оққа ұшыраған. Күдікті сол күні аң ауладым деп, жасөспірімді жабайы қабанға ұқсатып атып жібергенін алға тартқан деп хабарлайды "Еуразия" бірінші арнасы.

Наразылық акциясын жергілікті белсенділердің бірі Михал Вольный ұйымдастырды.

"Ол программист болуды армандады және біздің елге ең жақсы мамандардан сабақ алу үшін келді. Алайда бүгінде ол үйіне табытпен оралуда. Бұлай болмауы тиіс еді", - дейді Михаил.

Наразылық білдірушілер аңшылардың құқықтарын шектеуді, тексеру ұйымдастыруды, сондай-ақ оларға тұрғын үйлердің жанында оқ атуға тыйым салуды талап етуде.

"Олардың қалай бақыланбайтын әрекеттерге барып жатқанын қараңыз. Білгендерін жасайды, адамдарды өлтіреді! Біз Ималимен болған трагедия ешқашан қайталанбауын қалаймыз", - деп түсіндірді Вольный.

Еске салайық, 16 жасар қазақстандық Польшада атылған оқтан көз жұмды. Кісі өлтірді деген күдікті өзін сол кеште аң ауладым деп, баланы аңға ұқсатып алғанын айтып ақталған.

Кейінірек Қазақстанның Варшавадағы елшілігі Польшадағы қазақстандық студенттің қайғылы қазасына қатысты тергеуді ерекше бақылауда ұстайтынын мәлімдеген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1884018-polsada-kaza-tapkan-kazakstandyk-zasspirimni-ruhyna-krmet-krsetildi/