RU

Нұр-Сұлтанда белсенді Дулат Ағаділдің баласын өлтіріп кетті

полиция
Көрнекі фото: pixabay.com

Нұр-Сұлтанда қоғам белсендісі болған марқұм Дулат Ағаділдің ұлы 10 қараша күні кешке қайтыс болды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы елордалық полиция бөлімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

17 жастағы Жанболат Ағаділдің пышақ жарақатынан көз жұмғаны хабарланды. Оқиға Нұр-Сұлтанның Көктал ықшамауданында болған.

"Полиция қызметкерлері оқиға орнына жеткен кезде жастар тобы арасында жанжал болып, ол төбелеске айналғаны анықталды.

Нәтижесінде екі адам жарақат алды. Олардың бірі - 17 жастағы Жанболат Ағаділовке пышақ салынған, ол жедел жәрдем келген кезде қайтыс болды.

Аталған факт бойынша қылмыстық кодексінің 99-бабы, 2 және 293, 3-бөлігі бойынша қылмыстық істер қозғалды.

Қазіргі уақытта жанжалдың барлық тараптарын анықтау бойынша тергеу әрекеттері жүргізілуде. Ұсталғандарға қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр. Тергеу нәтижелері бойынша әрқайсысының іс-әрекетіне заңды баға беріледі. Тергеу жалғасуда", – делінді Нұр-Сұлтан полиция департаментінде.

Айта кетерлігі, белсенді Дулат Ағаділдің өзі бұрын тергеу изоляторында қайтыс болған еді.

Ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов Дулат Ағаділдің өліміне қатысты пікір білдірген болатын.

Санжар Әділовтың айтуынша, белсенді жедел жүрек-қантамыр жеткіліксіздігінен қайтыс болған.

Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан прокуратурасының қызметкерлері Дулат Ағаділдің өліміне қатысты басталған сотқа дейінгі тергеудің мәліметтерімен бөлісті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1884068-nr-sltanda-belsendi-dulat-agadildi-balasyn-ltirip-ketti/